Өскемен және Шүлбі ГЭС-терін кім сатып алғаны белгілі болды

Кәмшат Тілеухан 27 ақп. 2025 17:09 255

"Самұрық-Энерго" мемлекеттік компаниясы Өскемен және Шүлбі ГЭС-терін өзінің еншілес компанияларының бірі - Qazaq Green Power PLC-ге өткізіп берген болып шықты. Осылайша бұл екі стратегиялық нысанға қатысты бақылауын "Самұрық-Энерго" жоғалтқан жоқ, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мұндай шешім ЖЭК және ГЭС активтерін "жасыл" энергетиканы дамытуға маманданған жеке заң құрылымына шоғырландыру үшін қабылданды", делінген Kapital.kz жолдаған сауалға "Самұрық-Энерго" компаниясының берген жауабында

Бұл активтерді өткізіп беру Qazaq Green Power PLC жарғылық капиталын ұлғайту үшін өзінің акцияларын жалғыз акционері "Самұрық-Энергоға" сату арқылы жүзеге асырылған.

"Qazaq Green Power PLC-тың орналастырылған акциялары үшін "Өскемен ГЭС" ЖШС және "Шүлбі ГЭС" ЖШС-ның 100% үлесі берілді. Жоғарыда аталған активтерді өткізіп беру нәтижесінде "Самұрық-Энерго" өзінің 100% еншілес компаниясы Qazaq Green Power PLC арқылы осы объектілердегі үлестеріне ие болып қала береді", - деп хабарлады мемлекеттік компания.

Жалпы,"Самұрық-Энерго" мемлекеттік компаниясының Шүлбі мен Өскемен ГЭС-терін өз балансынан шығарғаны күні кеше белгілі болды. Осындай ақпарат KASE сайтына пайда болғанымен, бұл активтердің кімге және қандай бағамен сатылған айтылмады. Бұл түрлі алып-қашпа әңгімені тудырып, кейбір БАҚ 2021 жылы Үкімет "Шүлбі ГЭС-і" ЖШС мен "Өскемен ГЭС-і" ЖШС-лардағы 100% мемлекеттік үлесті Әбу-Даби және Қазақстан инвесторлар консорциумына тікелей атаулы сатуды жоспарлағанын еске алды. Сол кезде бұл екі нысан араб инвесторларына сатылмақ болған. Алайда Үкімет кейіннен бұл ойынан айнып қалған. Қазір белгілі болып отырғандай, стратегиялық активтер бұл жолы да бөтеннен қолында кетпепті. 

Айта кетсек, "Самұрық-Энерго" 2024 жылдың көктемінде "Самұрық-Қазына" мемлекеттік холдингінен екі ГЭС-ті сатып алған болатын. "Шүлбі ГЭС-і" ЖШС 36,2 млрд теңгеге, ал "Өскемен ГЭС-і" ЖШС 23,5 млрд теңгеге сатып алынды. Сауда-саттық нарықтық бағаға сай жүргізілді. Ал қос нысанды сатып алу қор биржасына "Самұрық-Энергоның" орналастырған акциялары есебінен жүргізілді. 2024 жылдың сәуір айында "Самұрық-Энерго" KASE-ге 96,4 мың теңгенің 375,5 мың қарапайым акциясын және 90,4 мың теңгенің 260 мың акциясын шығарды. Қосымша эмиссияның жалпы көлемі 59,7 млрд теңгені құрады. "Самұрық-Энерго" осы акциялармен 100 пайыз үлесті сатып алуда төлем жасады.

Шүлбі ГЭС-і - Семей қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан Ертіс каскадындағы үшінші станция. Ол жобалық қуаты (702 МВт) бойынша Қазақстандағы ең ірі нысан болып табылады. ГЭС 1987 жылы іске қосылды.  

Өскемен ГЭС-і - Ертіс ГЭС каскадының екінші сатысы және Бұқтырма ГЭС контрреттегішінің рөлін атқарады. Ол 1952 жылы пайдалануға берілді. Оның белгіленген (жобалық) қуаты - 367,8 МВт, ал нақтысында 335 МВт-ты құрайды. Қос нысан "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-ға тиесілі болғанға дейін ҚР Энергетика министрлігінің меншігінде болған.

 "Самұрық-Энерго" АҚ - бұл "Самұрық-Қазына" мемлекеттік холдингінің құрылымына кіретін ірі көпсалалы электр энергетикалық холдинг. Оның қызметі энергиямен жабдықтау жүйесін қалыптастыруға бағытталған.  

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар