Орта Азияның инвестициялық әлеуеті қандай?

Dalanews 18 мау. 2019 04:23 1822

The Boston Consulting Group компаниясының зерттеуінше аймақтағы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 60 пайызы Қазақстанға тиесілі. 

2008-2017 жылдары Қазақстан экономикаға жалпы сомасы 82 млрд долларды құрайтын тікелей инвестиция тартқан. Инвестицияның басым бөлігі кен өндіру саласының үлесінде. 

"Кәрімов кетіп, билік өзгергелі Өзбекстан да есігін айқара ашып, жаңа экономикалық реформалар жүргізуде. Елдегі қолайлы бизнес-ахуал болашақта бұл елге инвестицияның көптеп ағыларын аңғартады" дейді компания мамандары.   

Экономикалық әріптестік және даму ұйымының дерегінше соңғы 20 жылда аймақтың экономикалық өсімі жоғары болған.

2000-2010 жылдары аймақтағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) жылына 8 пайызға өсіп отырған, ал еңбек өнімділігі әлемдік орташа көрсеткіштерден жоғары болыпты. Осы жылдар аралығында аймаққа бағытталған тікелей инвестициялар 9 есеге өскен. 2010 жылдан күніге дейін аймақтың ЖІӨ-сі 25 пайызға өсуде. 

Қазіргі таңда аймақтың әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі 0,3 пайызды құрайды.


2017 жылы Орта Азияның жиынтық жалпы ішкі өнімі 265 млрд долларды құраған, бұл көлемі жағынан Орталық Америкамен (255 млрд), Финляндиямен (252 млрд) және Чилимен (277 млрд) пара-пар. 

Орта Азияда жер шары халқының 1 пайызы тұрады (71,9 млн адам), бұл көлемі жағынан Таиланд (69 млн адам, ЖІӨ 455 млрд) немесе Түркия (81 млн адам, ЖІӨ 851 млрд) нарығымен тең. 


Аймақ аумағы 4 млн шаршы шақырым, бұл ЕуроОдақ территориясымен тең.

Алайда аймақтағы адам басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (3719 доллар) Таиланд (6594) немесе Түркия (10541) сияқты дамушы елдерге қарағанда көп төмен. 


Аймақтағы 2016 жылғы жиынтық экспорттың көлемі 58 млрд долларды құраса, соның 3 млрд-ы (6 пайызы) ішкі аймақтық алыс-берістің үлесінде болған. Аймақтық сауда Қазақстан экспортының 5 пайызын, Өзбекстан экспортының 13 пайызын құрайды. 

2007 жылы Қазақстан президенті Назарбаев Орта Азия экономикалық-саяси одағын құруды ұсынды. "Еркін тауар алмасайық, осы арқылы ауыл шаруашылығы мен өндірісімізді өркендетейік" деді ол. Алайда бұл ұсыныс қолдау тапқан жоқ. 

Инвесторлар үшін Орта Азия әлі де бейтаныс, әлі де игерілмеген нарық. Олар Орта Азияға қарағанда, Балқан елдері мен Орталық Америкаға қаржы құйғанды қауіпсіз көреді. 

Орта Азиядағы тікелей инвестицияның басым бөлігі кен өндіру саласына бағытталған, аймақтағы шикізаттық емес секторға салынған инвестиция көлемі 2008-2016 жылдағы жалпы инвестицияның 18 пайызын құрады.

Бұл аралықта Орталық Америкадағы шикізаттық емес секторға салынған инвестиция көлемі 35,9 пайызды, ал Балқан елдерінде бұл көрсеткіш 47,2 пайызды құраған.  


Dalanews.kz Орта Азияның инвестициялық әлеуетін паш ететін инфографиканы назарыңызға ұсынады. 



 

Материалды дайындаған Ляйля Болтаева


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар