Еуроодақтың «Золотая корона» төлем жүйесіне қарсы санкцияларынан кейін Ресей мен Қазақстан арасындағы ақша аударымдарының көлемі айтарлықтай төмендеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
РБК дерегінше, шілде айының соңында енгізілген шектеулерден кейін тамызда Ресейден Қазақстанға жеке тұлғалар жіберген ақша көлемі шамамен 12 есе қысқарып, 239 млн теңге болған. Қазақстаннан Ресейге бағытталған аударымдар одан да қатты төмендеген. Бір ай ішінде ақша жіберу көлемі 14 еседен астам азайып, 1,2 млрд теңгеге дейін қысқарған.
Басылым бұл мәліметтерді Қазақстан мен Грузияның қаржы реттеушілерінің деректеріне сүйене отырып жариялаған. Еуроодақ санкциялары халықаралық ақша аударымдарын жүзеге асыратын Ресейдің соңғы ірі сервистерінің бірі саналатын «Золотая корона» жүйесіне әсер етті.
Санкциялар күшіне енгеннен кейін компания Қазақстанға, сондай-ақ Әзербайжан, Беларусь, Грузия және басқа да бірқатар елдерге ақша аудару қызметін тоқтатты.