“Латте факторы”: күнделікті ұсақ шығындар қалтаны қалай қағады?

“Латте факторы”: күнделікті ұсақ шығындар қалтаны қалай қағады?
Фото: ЖИ

Күн сайын кофе, такси, фаст-фуд пен түрлі онлайн сервистерге жұмсалатын азын-аулақ ақша елеусіз көрінуі мүмкін. Алайда осы шығындарды бір жылға есептегенде қомақты сома жиналады. "Қаржылық сауат" telegram арнасы "Латте факторы" ұғымын түсіндіріп, ақшаны басқарудағы күнделікті әдеттердің маңызына назар аударды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Арна авторы әлеуметтік желіден көрген подкаст үзіндісін мысалға келтіреді. Бағдарлама қонақтарының бірі «өмірдің мәні ақшада емес» десе, екінші спикер қазіргі қоғамда қаражатсыз күнделікті қажеттіліктің өзін өтеу қиын екенін айтқан.

"Қалтаңда екі мың теңге болмаса, көшеден кофе алып іше алмайсың. Автобусқа міну мен қоғамдық дәретханаға кірудің өзіне ақша қажет", – деген ол.

Расында, нарықтық заманда табыстың маңызы зор. Дегенмен қаржылық жағдай тек қанша ақша табатынымызға емес, оны қалай жұмсайтынымызға да байланысты. Мамандардың пікірінше, ақша жинау үшін міндетті түрде миллиондап табудың қажеті жоқ. Ең бастысы – қолдағы қаражатты дұрыс басқара білу.

"Латте факторы" деген не?

"Латте факторы" ұғымын америкалық жазушы әрі қаржы сарапшысы Дэвид Бах кеңінен танытқан. Бұл термин адамның күн сайын мән бермей жұмсайтын ұсақ шығындарының уақыт өте келе қомақты сомаға айналатынын білдіреді.

Аңызға айналған мысал бойынша, Дэвид Бах күн сайын қымбат кофе сатып алатын адамдармен әңгімелеседі. Олар баспана алуға немесе инвестиция жасауға қаражаты жетпейтінін айтады. Сонда сарапшы күнделікті кофеге кететін ақшаны есептеп, оны үнемдеп әрі тиімді бағыттаған жағдайда бірнеше жылда елеулі капитал жинауға болатынын түсіндіреді.

Мұнда мәселе кофеден толық бас тартуда емес. Кофенің орнына шоколад, фаст-фуд, такси немесе пайдаланылмайтын ақылы қосымша болуы мүмкін. Негізгі ой – күнделікті қайталанатын шығындарды бақылау.

Мәселен, күніне жұмсалатын 1 500 теңге бір айда 45 мың теңгеге, ал бір жылда 540 мың теңгеге жетеді. Бұл қаражатқа қажетті техника сатып алуға, демалысқа шығуға немесе жинақ қорын қалыптастыруға болады.

Ұсақ шығын неге байқалмайды?

Көп жағдайда бір-екі мың теңге көлеміндегі төлемді елеулі шығын деп қабылдамаймыз. Күн сайын таксимен жүру, сырттан тамақтану немесе қолданылмайтын сервистердің ақысын төлеу әдетке айналып кетеді. Әр төлем жеке алғанда аз көрінгенімен, ай соңында бюджетке айтарлықтай салмақ түсіреді.

"Латте факторының" негізгі мақсаты – адамды сүйікті кофесінен немесе шағын қуаныштарынан айыру емес. Бұл тәсіл күнделікті әдеттердің жеке бюджетке қалай әсер ететінін көрсетіп, шығынға саналы қарауға үйретеді.

"Қаржылық сауат" арнасының жазуынша, қажетсіз шығындарды қысқартып, үнемделген қаражатты арнайы шотқа салып немесе табыс әкелетін құралдарға бағыттау арқылы бірнеше жылда қомақты қор жинауға болады.

Демалыс күндері дүкен аралап, сауда жасау көбейетіні белгілі. Сондықтан кезекті затты сатып алмас бұрын оның шынымен қажет екенін және сол ақшаға қандай балама барын ойланған жөн. "Латте факторының" басты сабағы да осы – мәселе ақшаның аздығында ғана емес, оның қайда кетіп жатқанын білуде.