Неге екенін білмеймін, орыс десе, құбыжық көргендей үрейленетін едік? Әжем марқұм:
«Орыс деген көк көз, сары шаш, атқа мінсе, қопаңдап шаба беретін, ауыл көрсе, бала-шаға, қатын-қалашты жау тигендей қуатын есерсоқ, түлей халық»
– дейтін. Сонда көз алдымызға жалбыр шашты, жабайы адам елестеуші еді. Сартаудың басындағы қолат-қолаттан ертелі-кеш орыс шыға келетіндей қорқып, өрістеп кеткен малға барудан өлердей қорқамыз.
Әжем қайбір орысты көріп жарытты ғой дейсіз. Бала кезінде Нарынқолда ауылын орыс шапқанда бір-екі рет байқап қалыпты. Кейін үріккен елмен бірге шекара асып кеткен. Сол кезде сәби жүрегінде қалған қорқыныш болса керек. Атасы Нарынқолда болған «Албандар көтерілісінде» шейіт кетті. Содан болар марқұм әжемнің орыс десе, ашу-ызасы ойнап шыға келетін.
Орыспен аралас-құралас болмасақ та, кесірін көрдік. Қазақстан тәуелсіздік алған 90-жылдары осы Алматы мен Нарынқолдағы туыстардан шақыру хат келді. «Көшіп келіңдер» деп жазыпты. Қатты қуандық. Бірақ шат көңіліміз бір күнде су сепкендей басылды.
Әжем: «Сендер, жұмаққа баратындай мәз-мейрам болып отырсыңдар ғой. Қазақстан дегенді ұмытыңдар! Сәбет менің атамды өлтіріп, әжемді жұтқан. Әкем мен шешемнің, біздің тәтті күнімізді, тәтті ұйқымызды бұзған. Ол жаққа қалай барамын? Мен тірі тұрғанда бірде біреуің Сәбетке бармайсыңдар!» - деп тиып тастады.
Бұл әңгіме сонымен тынды. Сәбеттен келетін хат та сап тиылды. Арада бірнеше жыл өтіп, көш күшіне мінді. Ел Қазақстанға қарай үдере көше бастаған. Апамыздың алдынан өтіп, жалынып көрдік. Бірақ марқұм жібімей қойды. Сол күні көршіміз Тамаша деген кемпірге жылап: «Кемешім (Әкемді солай атайтын) Сәбетке көшемін деп жатыр. Құдайым бар болса, Кемешім мен Нұржанымды көзім тірі кезде ажыратпаса екен! Екеуінен екі күрек топырақ тең бұйырса екен» - депті. Сол тілеуі қабыл болды-ау деймін. Сол жылы марқұм бауырынан көп ауырды. Құлжада емделді. Сол дертінен қайтыс болды.
Көз жұмарының алдында бір палатада орыс әйелмен бірге жатты. Қырғызстаннан Құлжаға емделуге барыпты. Қырғызшаға судай. Бірақ әжем қыртиып: «Өлер шағымда мына құбыжықтың қасында қалдырғандарыңды-ай! Балалық шағымды, бақытты шаңырағымды ойрандаған осы орыс деген ібілісті көрмей көз жұматын шығармын десем, өлетін кезімде тағы да пайда болғаны-ай!» - деп кейіді.
Бұрынғы айтатын әңгімелерін қорқынышпен тыңдаушы едік, бұл жолы шын жаным ашыды.
Әлгі орыстың қасына көп қалдырған жоқпыз, бір аптадан соң басқа палатаға ауыстырдық...
Шекарадан алғаш өткенде ең бірінші рет тірі орысты көрдім. Жап-жас жауынгер. Жүк көліктер өтетін артқы қақпада, күзетте тұр екен. Ақша сұрады. Бес сом (5 юань) бердім. Тағы бар ма дейді? «Жоқ!» – деп саңқ еттім. Құлағыма әжем сыбырлап тұрғандай болды. Бірақ қуанып тұрмын. Себебі ол маған жалынып, ақша сұрап, бейшара болып тұр ғой. Ал мен оған «Жоқ!» деп айғайлап тұрмын.
Апам марқұмның рухы көріп тұрса: «Балам орысқа айғайлап жатыр!» - деп қуанып тұрған шығар деген ой келді.
Жарас КЕМЕЛЖАН,
ақын, журналист, блогер