Орыс көп облыстарда ажырасу 50%, қазақы аймақтарда 30%-ға жеткен – журналист

Dalanews 24 шіл. 2022 08:31 149

Қазір еліміздегі неке және отбасы жағдайы аса мәз емес екені жасырын емес. Шамамен шаңырақ көтерген әрбір үшінші отбасы ажырасатын болар деп болжаушы едім, соным расқа айналды. Бірақ бұл жолы болжамымның расталғаны мені қуантып отырған жоқ.

Бұл еліміз үшін қауіпті тенденция. Қазақтың отбасы институтының алтын дәуірі келмеске кеткенін байқайсың. Неліктен мұндай жағдай қалыптасты деген сауал төңірегінде ұзақ пікірталастыруға да болады.

Бұған елдегі әлеуметтік ауыр ахуал да әсер етіп, тұрмыстық зорлық-зобылық та кесірін тигізіп отырғаны анық.

Жұмыссыздық, тұрақсыздық, шыдамсыздық, бәрі де өз әсерін тигізуде.

Бірақ, басты себеп пен негізгі кінә біздерде, ата-аналарда жатқандай көрінеді маған. Жастар бүгінде шыдамсыз, бір-біріне тым талапшыл, өмірдің кішкентай ауыртпалығына морт сынып, бірден шорт кеседі, ажырасуға дайын тұрады дейміз. Ол рас.


Дегенмен оларды сондай қылып өсірген кім? Заман сондай деп айтар біреулер. Ал заман деген не? Кімдерден құралады сол айтып отырған заманымыз? Адамдардан, сіздер мен біздерден құралмай заманымыз?  Сондықтан да төмендегі көрсеткіштер сіздер мен біздердің жетістігіміз. Дәлірек айтқанда сорымыз деп есептеймін.

Кестеге зейін салсаңыздар, орыс көп шоғырланған облыстарда ажырасу көрсеткіші 50%-ға дейін жеткен де, дәстүрлі қазақы аймақтарда аздау, 30% төңірегінде екен.

Бірақ, осыдан бір ғасыр бұрын ғана неке бұзу көрсеткіші 0% тең болған қазақ үшін бұл да жақсы нышан емес. Осылай әрі қарай кете берсе, орекеңдердің 50% жолда қалатын түрі бар.


Бала өсіріп отырған әрқайсымызға ойланатын жағдай. Неке институты тұрақсыз елде бала аз болады, бала аз елде демография құлдырайды, демографиясы төмен елдің экономикасы әлсіз болады.

Себебі еңбек ететін күш азаяды. Ал экономикасы әлсіз елден береке кетеді. Сөйтіп түбі біреуге жем болады.

Мұхтар ТҮМЕНБАЙ, журналист

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар