Зеленский бұл туралы NOS телеарнасына берген сұхбатында айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.
Киевті "орыс әлемінің" ажырамас бөлшегі деп пайымдаған Путин оңбай қателескен. Украинаны екі-үш күннің ішінде жаулап алуды көздеген Кремль "жергілікті халық орыс басқыншыларын құшақ жая қарсы алады" деп топшылаған.
"Путин шапқыншылығы украин халқының ашу-ызасына тиді. Күллі ел агрессорға қарсы дүр көтерілді. "Орыс әлемі" дейтін тоталитарлық жүйенің шаңырағы шайқалып тұр. КСРО-ның шекпенінен шыққан елдерді түгелдей осы кеңістікке кіргізіп жіберген Мәскеудің беті қайтып, арыны басылып қалды. Әйтсе де сүйекке сіңген әдетінен арыла алмай жүр.
Путин Украинаны "орыс әлемінің" бір пұшпағы деп санайды. Киевтің Кремльден әлдеқашан теріс айналғанын, орыстың құндылықтарын сыпырып-сүйіріп күресінге лақтырғанын қабылдағысы келмейді. Осы ой ақыр соңы Путиннің түбіне жетеді", – дейді Зеленский.
Оның айтуынша Кремль басшысы Ресейдің армиясын асыра бағалап жіберген. Жер жағдайын білмейтін, әскери техникасы сонау Совет дәуірінен бері жаңармаған, жемқорлыққа шыланған орыс әскері Украин жерінде қойша қырылған.
"Орыс әлемі" дейтін концепцияның әлдеқашан сүйкімі кеткен. Украин халқы орыс әлемінен аулақ жүргенді қалайды. Олардың өй-өресі, таным-талғамы орыстың патшаны пір тұтатын құлдық санасынан биік тұр.
Сөй деген Зеленский:
"Украин халқы ешкімге соқтықпай, өз елінде емін-еркін өмір сүргісі келеді. Бөгде елге басып кірген Путиннің көзін шел басты ма, әйтеуір өз әскерінің әлеуетін шынайы бағалай алмады. Украин жерінде қаза тапқан орыс оккупанттарының санында есеп жоқ", – дейді Зеленский.
...
Оның пікірінше Украина 2014 жылдан бері соғыс жағдайында өмір кешіп келеді. Сол кезден бері жиналған тәжірибенің арқасында Путин шапқыншылығына төтеп берген. Сөйте тұра Батыс елдерінің біразы Киевтің басқыншының бетін қайтарарына күмәнмен қараған.
"Кремльдің күндердің - күні шекара шебімізді бұзып, басып кірерін біліп жүрдік. Агрессор кез-келген уақытта азуын батыруы мүмкін еді. АҚШ-тың барлау қызметі шекара маңындағы халықты елдің батыс өңіріне көшіруді ұсынды, ал әскерге жаппай окоп қазуға кеңес берді. Олар бізге сенген жоқ, Украинаның табандылық танытарына күмәнмен қарады", – дейді Зеленский.
Киев Батыстың ұсынысынан бас тартқан, себебі ел ішінде аласапыран туғызуды қаламаған. Бүйтер болса Украин экономикасы көпке ұзамай күйреп тынар еді. Ұлттық валюта күрт құлдырап, шетелдік компаниялар елден кетуге асығар еді.
Зеленскийдің айтуынша, бұл шешім ақыр соңы өзінің дұрыстығын дәлелдеген.