Оралда қайта өңделетін қалдықтарды қабылдайтын экопункт ашылды

Қаракөз Амантай 10 жел. 2024 15:18 581

Орал қаласында “Таза Қазақстан” мемлекеттік тұжырымдамасы аясында алғашқы заманауи экопункт ашылды. Енді қала тұрғындары тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге тапсырып, сыйақы ала алады, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Оралдықтар пластик, қағаз, батарея, металл және пайдаланылған күнбағыс майын қайта өңдеуге өткізе алады. Қаладағы алғашқы экопункт “Таза Қазақстан” мемлекеттік тұжырымдамасы аясында ашылды. Жобаның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттау.

Қалдықтарды сұрыптау және көптеген затты қайта қолдану БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаты ғана емес, қазіргі заман мәдениетінің бір бөлігіне айналғанын атап өткен жөн. Яғни, бөтелкелерді, пакеттерді, макулатураны және басқа да тұрмыстық қалдықтарды жинап, тапсыру сәнге айналды. Сондықтан экопункттің ашылуына алдымен жастар, блогерлер мен экоактивистер, соның ішінде мектеп оқушылары белсенді қатысты. №7 мектептің оқушылары алғашқылардың бірі болып қағаз бен пластик жинап, лайық сыйақыларын алды.

TikTok пен Instagram секілді әлеуметтік желілерде қалдықтарды қайта өңдеу мәдениетіне деген көзқарас өзгеріп жатыр. Адамдар қоршаған ортаның ластануы мен климаттың өзгеруі мәселелеріне көбірек қызығушылық танытып келеді. Енді оралдықтар да мүмкіндікке ие болды. “ОралТазаСервис” ЖШС-нің директорының айтуынша, 2025 жылға қарай қалада тағы екі экопункт ашу жоспарланып жатыр.

Айта кетейік, 2024-2029 жылдарға арналған “Таза Қазақстан” тұжырымдамасы экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған кешенді әдістерді қамтиды. Оның ішінде жауапты мінез-құлықты қалыптастыру, экологиялық ойлау мен білім беруді дамыту бар. Бес жыл ішінде коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 25%-дан 38%-ға дейін арттыру жоспарланған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар