Оралда 10 жастағы қыздың зорлануы: әкімге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Оралда 10 жастағы қыздың зорлануы: әкімге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: iStock

Орал қаласында 10 жастағы қыздың зорлануына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл қылмыстық іс бойынша жауапкершілікке әкімдік қызметкерлері де тартылуы мүмкін. Бұған жол бойындағы ағаштардың кесілмегені себеп болған, деп хабарлайды Dalanews.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап. 

Агенттік таратқан ақпаратқа сәйкес, оқиға 29 қыркүйекте Зачаган кентіндегі №20 орта мектеп маңында болған. Орал қаласының прокуроры Мейірхан Ізімовтің айтуынша, қылмысқа дейін ата-аналар бірнеше рет жол бойындағы ағаштарды кесу және мектепке баратын жолды жарықтандыру қажеттігін айтып шағымданған.

«Алайда Зачаган ауылдық округінің әкімдігі бұл мәселеге салғырт қараған. Тек қылмыстан кейін ғана жол бойындағы ағаштар кесілді», – делінген жарияланымда.

Прокурорлардың айтуынша, қызметіне салғырт қараған әкімдік лауазым иелеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жай анықталып, процессуалдық шешім қабылданады.