Ұлттық тестілеу орталығы мен ҰБТ төңірегінде дау шықты. Әлеуметтік желілерде 139 балл алған түлектің оқиғасы қызу талқыланып жатыр. Мәселе қайдан шықты? Dalanews.kz үңіліп көрді.
Мәселенің мән-жайын juz40 оқу орталығынан сұрап көрдік. Орталық өкілдерінің айтуынша, 17 маусымда ҰБТ тапсырушы түлек 138 балл жинап, оқу сауаттылығы пәнінен 2 сұрағын апелляцияға берген. Нәтижесінде оқушының 1 сұрағы ғана қабылданған.
"Екінші сұрағы қабылданбады. Өзінің жауабына сенімді болған оқушы бұл шешімге наразы болды. Жауабы қабылданбаған оқушымыз ата-анасымен бірге Астана қаласындағы Ұлттық тестілеу орталығына барды. Орталыққа барған кезде жауапты адамдар оқушыны және анасын кіргізіп, сарапшыны шақыртып, өздерінің жауабын дұрыс етіп, мәтінді талдап берген. Алайда оқушымыз өзінің жауабы дұрыс екеніне толық сенімді. Кейін де бұл сұраққа ҰТО ресми түрде мәлімдеме жасамады. Оқушыға балл берілмеді, заң тұрғысынан да хаттама жіберілмеді, оқушының шырылы жабулы күйінде қалды", - дейді орталық өкілі.
Даудың басы мына мәтіннен шыққан:



Орталық өкілдерінің айтуынша, 139 балл иесі 2,3-нұсқаларды таңдаған, ал ҰТО 2 және 4-нұсқаны дұрыс деп есептеген.
Орталық бұл турасында тәуелсіз сарапшылардан, филологтардан пікір сұраған. Олардың пікірі оқушының жауабымен сәйкес келген.
"2025 жылғы ҰБТ нәтижелерінің статистикасы бойынша 210 мың талапкер тестілеуден өтсе, оның 92 мыңы апелляцияға берген. Демек бұл оқушылардың тестілеу кезіндегі сұрақтарға, жауаптарға деген наразылығы көптігін білдіреді. Еліміздегі жоғары оқу орнына түсуге арналған басты емтихан осы ҰБТ болғандықтан, оқушы үшін әр балы маңызды екені сөзсіз. Биыл ҰБТ-да оқушылардың апелляцияға берген сұрақтарына не үшін хаттама жіберілмегені түсініксіз. Нақты жауап ала алмадық. Нәтижесінде талапкерлердің ҰБТ-мен қоса "келер жылы да жағдай осылай болса, сұрақтар қате болып қалса не істейміз?" деген уайымын күшейтті.
...Апелляция жауабы заңда көрсетілгендей хаттама ретінде жіберілмегендіктен, қаншама оқушы өзінің қай сұрағы қабылданғанын, қай сұрағы не үшін қабылданбағанын біле алмады. Дұрыс жауабы кітаппен дәлелденсе де, мардымды кері байланыс берілмеді. Соның кесірінен 1-2 балынан айырылған оқушылар да бар. Келер жылы апелляцияға өтініш тастаған әр оқушыға заң бойынша хаттама жіберілуін, шатастыратын күмәнді сұрақтар болмауын, спецификацияда жоқ тақырыптар мен баспалар келмеуін қатаң қадағалауды сұраймыз. Бұл дүниелердің барлығы болашақ талапкерлер үшін өте маңызды", - деп түйіндеді орталық өкілдері.
Бұған дейін қандай жағдай болды?
Еске салайық, 2024 жылы грантсыз қалған 200-ден аса түлек Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа берген еді. Алайда министрлікті сотқа берген талапкер жеңіліп қалды.