Министрлікті сотқа берген талапкер жеңіліп қалды

Қаракөз Амантай 18 жел. 2024 10:37 271

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты білім грантын ала алмағаны үшін Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа берген талапкердің ісі бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот мәліметінше, арызданушы ҰБТ-дан 119 балл жинаған. 2024 жылдың 16 шілдесінде ол Нархоз университетінің “B049 – Құқық” мамандығына мемлекеттік грант алу конкурсына құжат тапсырған.

Ұлттық тестілеу орталығының дерегіне сүйенсек, 2024-2025 оқу жылына бұл мамандық бойынша 150 грант бөлінген. Алайда 2024 жылғы 2 тамызда министрдің бұйрығымен 30 грант “төтенше жағдайдағы өңірлердің” талапкерлеріне квота бойынша берілген. Осы себепті арызданушы М. мемлекеттік грантқа іліге алмаған.

Кейін, 2024 жылғы 27 тамызда министрліктің бұйрығымен игерілмей қалған гранттарды қайта бөлу нәтижесінде арызданушы Нархоз университетінің “Құқық” мамандығы бойынша грантқа ие болды. Дегенмен ол министрліктің 2024 жылғы 2 тамыздағы бұйрығын заңсыз деп тауып, сотқа жүгінген.

2024 жылғы 17 желтоқсанда сот талапкердің арызын қанағаттандырмады.

Соттың хабарлауынша, министрлік бұйрығы талапкердің құқықтарын бұзбаған.

"Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы шешімімен М.-ның талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылды. Даулы бұйрықпен талап қоюшының қандай да бір құқықтары бұзылған жоқ. Сот сұралып отырған грантты алған талап қоюшының іс-әрекетінде құқықты теріс пайдалану бар деп қарастырып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты”, – делінген сот хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін грантсыз қалған 200-ден астам түлек министрді сотқа берген еді.

Белгілі адвокат Халида Әжіғұлова ErtenMedia.kz-ке гранттан қағылған түлектер Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарсы арыз жазып жатқанын айтқан болатын.

"Министрлік өз гранттарынан заңсыз айырылған талапкерлерді үнемі елемей қала алмайды. Су тасқынынан зардап шеккендер түлектерге көмектесу мақсатында жылдар бойы грантқа қол жеткізу үшін тынбай дайындалған басқа балалардың құқықтарын шектей алмаймыз. Басқа біреудің есебінен қайырымдылық жасауға болмайды.

Өкінішке қарай, биыл кейбір түлектер университетке бара алмайды, себебі оқу орындары ҰБТ-дан жоғары балл алғанына қарамастан оларға ішкі гранттарды беруден бас тартқан. Ал олардың отбасылары оқу ақысын төлеу шамалары жетпейтінін айтып отыр", — деді адвокат.

Ол бұл іске бей-жай қарамайтындардан қолдау сұрады. Адвокат гранттан қағылғандар сотта құқығын қорғағанға дейін олардың оқу ақысын төлеуге көмектесетін жандар табылса деген тілегін білдірді.

Халида Әжіғұловаға 200-ден астам бала жүгінген, олар енді өз құқықтарын ұлттық және халықаралық органдарда қорғау үшін кәсіби білім алуға мәжбүр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар