Павлодарда математика пәнінің мұғаліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс жабылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол сабақ барысында жоғары сынып оқушысын шегемен арқасынан түртіп жіберген еді. Оқиға сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Ата-аналар полицияға арыз түсіріп, мұғалім жұмыстан босатылған еді.
Алайда сараптама нәтижесінде оқушының денесіне зақым келмегені анықталып, қылмыс құрамы жоқ деп танылды. Осыған байланысты тергеу органдары істі тоқтатты.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары бойынша қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты іс өндірісі тоқтатылды. Мұны сот-медициналық сараптаманың қорытындысы, кәмелетке толмағанды куәландырған сарапшының жауап беру хаттамасы, сондай-ақ кабинеттегі бейнежазбаны қарау арқылы ешқандай дене жарақатының болмағаны дәлелдеді", – деп жауап берді Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына.
Білім беру бөлімінің өкілдері бұл әрекетті педагогикалық талаптарға сай емес деп бағалағанымен, кейінірек мұғалімнің кешірім сұрағанын және қызметіне қайта оралатынын мәлімдеді.
Еске салайық, Павлодардағы №26 мектепте сабақ барысында мұғалім тақтада тұрған оқушының арқасына шеге тығып алған.
Зардап шеккен студенттің әпкесі болған жайды айтып берді. Мектеп оқушысы тақтада тұрғанында, мұғалім оның арқасына бұранды шегені сұғып алған.
Ол кезде директор мұғалімнің сол күні жұмыстан шығарылғанын айтқан. Алайда, қазір мұғалімнің аталмыш мектепте жұмыс істеп жүргені белгілі болды.
"Қызметтік тергеу жүргізу кезінде мұғалімді қызметінде қалдыру туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта білім бөлімінің мамандары мектеп әкімшілігімен бірлесіп, фактілерге жан-жақты тексеру жүргізеді және педагогтың іс-әрекетіне құқықтық баға береді", - деп хабарлады Павлодар Білім бөлімі.
Баланың өзіне және оның ата-анасына қажетті психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетуге уәде берілді.
"Тергеу ҚР Еңбек кодексінің барлық рәсімдік талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылатын болады: қажетті жазбаша түсініктемелер талап етілді, куәгерлермен әңгімелер жүргізілді, бейнематериалдар талданды. Тексеру нәтижелері бойынша ықтимал тәртіптік шараларды қолдану немесе еңбек қатынастарын бұрынғы шарттарда сақтау туралы қорытынды шешім қабылданады", - деп толықтырды ведомствода.