Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі Ким Ён Хён әскери жағдайдың енгізілуіне байланысты отставкаға кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол ел ішінде туындаған дүрбелең үшін халықтан кешірім сұрап, отставкаға кету туралы шешім қабылдады.
”Ұлттық қорғаныс министрі ретінде толық жауапкершілікті өз мойныма алдым. Қоғамда алаңдаушылық пен түсінбеушілік тудырғаным үшін өкінемін”, – деді Ким Ён Хён.
Оның айтуынша, президентке әскери жағдай енгізу туралы ұсынысты өзі жасаған. Ал әскери қызметкерлер оның бұйрығын орындаған.
“Әскери жағдай жойылды, халық бұрынғы өміріне қайта оралып жатыр, бірақ ішкі саяси жағдай мен қауіпсіздік мәселелері әлі де қиын”, – деп қосты ол.
Айта кетсек, Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль 3 желтоқсанда елде төтенше әскери жағдай енгізген болатын. Бұл соңғы 45 жылда Оңтүстік Корея басшылығы тарапынан енгізілген алғашқы әскери жағдай болды.
Көп ұзамай Сеулдегі Ұлттық ассамблея ғимаратының алдында наразылық білдірушілер жиналып, полиция парламент ғимаратына кіру жолдарын жауып тастады. Қала көшелерінде әскери техника пайда болды.
Бірнеше сағаттан кейін 300 депутаттың 190-ы парламентке кіріп, әскери төтенше жағдайды тоқтату үшін дауыс берді. Оппозиция жетекшісі Ли Джэ Мен президенттің шешімін “конституцияға қайшы” деп атап, оны “халыққа қарсы әрекет” деп сынға алды.
Ал Қазақстанның Кореядағы елшілігі елдегі әскери төтенше жағдайға қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
Корея Республикасы президенті Юн Сок Ельдің әскери жағдай енгізуіне байланысты Корея Республикасында жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарын сабырлық сақтап, жергілікті биліктің ұсыныстарын орындауға және көпшілік іс-шаралардан аулақ болуға шақырамыз.
Қазақстан Республикасының азаматтары үшін төтенше жағдай туындаған жағдайда, жедел байланыс үшін +8210-6572-9311телефоны арқылы елшілікке хабарласуларыңызды сұраймыз!, - делінген елшілік таратқан хабарламада.