Өнеркәсіп кооперациясы: AGROMASH әлемдік алыптармен жұмыс істей бастады

Dalanews 26 жел. 2024 17:00 417

CLAAS тракторлары мен комбайндарының құрамдас бөліктерін шығару, AMAZONE тұқым себу кешендерін өндіру және KamLit пен KIA компанияларымен серіктестік аясында Қазақстанда алғашқы Локализациялық орталық іске қосылды. Қостанай машина жасаушыларының біліктілігі арқасында AGROMASH зауыты биыл әлемдік ірі компаниялармен жұмыс істеуді бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

2024 ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Өндіріс 20%-ға өсті

«2023 жылы кәсіпорын 1250 бірлік ауылшаруашылығы техникасын шығарса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1500 бірлікке жетті. Сонымен қатар тракторлар өндірісі айтарлықтай артты: олардың саны 1 100 бірліктен асты. LOVOL тракторлары үш жыл қатарынан елдегі ең көп сатылатын тракторлардың қатарында болса, биыл ESSIL бренді комбайндар арасында көш бастап тұр», – деді коммерциялық директор Николай Пархоменко.


ӨНДІРІС: CLAAS ТЕХНИКАСЫ ЖӘНЕ AMAZONE КЕШЕНДЕРІ

Жыл сайын Локализациялық орталықта 250 мыңнан астам тораптар мен компоненттер өндіріледі, олардың бір бөлігі зауыттың өз құю цехында дайындалады.

Қостанайлық машина жасаушылардың айтуынша, заманауи жабдықтар мен білікті мамандардың болуы қазақстандық ауыл шаруашылығы және коммерциялық техника өндірушілеріне өнеркәсіптік құрастыру келісімдерін орындауға мүмкіндік береді. Бүгінде LOVOL және DEUTZ-FAHR тракторлары мен комбайндары, ESSIL комбайндары, сондай-ақ басқа да тіркемелер мен қондырмалар AGROMASH өндірістік желісінен шығарылады. Бұдан бөлек, кәсіпорын CLAAS, AMAZONE және KIA сынды әлемдік брендтерге қажетті бөлшектерді жасап жеткізеді.

«Локализациялық орталықтың мүмкіндіктері арқасында компания CLAAS тракторлары мен комбайндарына тасымалдаушы арбалар, алдыңғы жүк көтергіштер, сатылар, тұтқалар және басқа да бөлшектер шығарады. Келесі жылы бұл тізімді кеңейту жоспарланған. Сонымен бірге, қыркүйек айында AMAZONE компаниясымен тіркемелі және соқпалы техника өндіру бойынша келісім жасалды. Біздің мамандар неміс әріптестерімізден оқыту бағдарламасын өтті, ал өндіріс зауыт аумағында басталды. Жаңа маусымда қазақстандық фермерлер 12 және 15 метрлік тұқым себу кешендерін отандық өндірістен ала алады. 2025 жылға жоспар бойынша – 50 кешен өндіру көзделіп отыр. Сонымен қатар, KIA зауыты бізбен бірге Қазақстан аумағында жаңа өндіріс орнын құру үшін құрамдас бөлшектерді дайындау бойынша келісім жасасты. Біз құю, дәнекерлеу, бояу және дайын бөлшектер шығару циклін толықтай қамтитын өндіріс қызметтерін ұсынамыз», – деді AGROMASH зауытының операциялық тиімділік жөніндегі директоры Бахтияр Балгужин.

2025 ЖЫЛ – ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ЖЫЛЫ

AGROMASH компаниясы 2025 жылды ресми түрде Қызмет көрсету жылы деп жариялады. Бұл шешім сервистік қызмет көрсету саласын кеңейту және жақсарту мақсатында қабылданды.

Сервистік қызметті түрлендіру жұмыстары осы маусымда басталды. Қазақстандық өндірістегі 100-ге жуық JAC T6 автокөлігі холдингтің филиалдарына сатып алынды. Бұл көліктер сервистік мамандардың фермерлер сұранысына жедел жауап беруін қамтамасыз етеді. Компания инфрақұрылымды жаңғыртуға және техникалық жабдықтарын жақсартуға 5 миллиард теңге көлемінде инвестиция бөлді.

«Биыл біз 100-ден астам автокөлік сатып алдық. Әрбір көлік заманауи жабдықтармен қамтылған. Бұл біздің мамандарға фермерлердің сұранысын жылдам қанағаттандыруға және ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 4 мыңнан астам трактор мен комбайн біздің кепілді және кепілдіктен кейінгі қызмет көрсету жүйемізде тұр. Сату көлемі маусым сайын артып келеді, сондықтан біз техникалық жаңғырту жұмыстарын үздіксіз жүргізуіміз қажет», – деді қызмет көрсету және қосалқы бөлшектер бөлімінің директоры Самат Жамбетаулин.


2025 жылы компания еліміздің басты астықты аймақтарында – Қостанай, Өскемен, Астана, Шымкент, Павлодар, Алматы және Қарағанды қалаларында сервистік филиалдарын модернизациялап, жаңа нүктелер ашуды жоспарлап отыр. Бұл филиалдар толыққанды шеберханалар мен қосалқы бөлшектер қоймаларымен жабдықталатын болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар