Қазақстанда өнер мен мәдениеттің, әдебиеттің дамуы қоғамның рухани деңгейімен ғана емес, ұлттық болмыстың сақталуымен де тығыз байланысты. Бүгінде бұл салаларда оң өзгерістермен қатар шешімін күткен мәселелер де аз емес. Осы орайда «Алматыкітап» баспасындағы көркем әдеби басылымдар бөлімінің жетекшісі Бұлан Жамбыл қазіргі әдеби үдеріс пен мәдениетті дамыту жолдары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, қазіргі әдебиеттегі ең үлкен артықшылықтың бірі – шығармашылық еркіндік.
– Оң әсер етіп отырғаны – Кеңес Одағы кезіндегідей мемлекеттің әдебиетке тікелей араласпайтыны. Соның әсерінен қолынан келсін-келмесін бәрі бірдей ақын, жазушы болуға ұмтылмайды белгілі бір дәрежеде. Ең бастысы – цензура жоқ, еркіндік бар. Мемлекеттің әдебиетке жанама түрде қолдау көрсеткені дұрыс, – дейді ол.
Дегенмен әдеби ортадағы кейбір келеңсіз құбылыстар шығармашылықтың дамуына кедергі келтіріп отырғанын жасырмайды.
– Теріс әсер ететіні – әдеби ортадағы жікшілдік, кланшылдық, рушылдық. Кейде сыйлыққа, бәйгеге ұсынатын кезде өз адамын ғана мақтап, қолдайтын жағдайлар кездеседі. Тіпті Жазушылар одағына да іліп аларлық шығармасы жоқ адамдардың осындай жолмен өтіп кеткенін көрдік. Мұндай жағдайда әділдік туралы айту қиын. Ал әдебиеттегі әділетсіздік қаламгердің меселін қайтарады, – дейді Бұлан Жамбыл.
Ол бұрынғы зиялы қауым өкілдерінің талантты жастарды өздері іздеп тауып, қолдау көрсету тәжірибесін қайта жаңғырту қажет деп есептейді.
– Нұрғиса Тілендиев, Ахмет Жұбанов секілді тұлғалар ел аралап, дарынды жастарды өздері іздеп табатын. Жазушылар одағы да шығармашылығы жақсы адамдарды өзі іздеп, шақырып отырса екен деген тілек бар. Сонда адамдар жол іздеп, табалдырық тоздырмас еді, – дейді ол.
Маманның пікірінше, жастардың ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыру үшін ынталандыру тетіктерін күшейту қажет.
– Мұнда кітап оқуға арналған жүлделі байқаулар сияқты ынталандыру шаралары көбірек болуы керек. Бірақ ұлттық мәдениетке қызықтырудың басты шарты – оның тұрмыстық мәні. Яғни сол салада табыс көбейіп, мүмкіндік артса, қызығушылық та өздігінен өседі. Сондықтан мұнда мемлекеттің қолдауы қажет. Мысалы, бүгінде садақ ату жарыстары немесе қазақ күресі көпшіліктің назарын аударып отыр. Сол сияқты жастарды қызықтыратын ауқымды жобалар керек, – дейді ол.
Сонымен қатар ол әдебиетті дамыту үшін шығармашылық адамдарына жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.
– Жарыс пен мүшәйраны көбейткеннен гөрі, жақсы жазып жүрген адамдарға тікелей қолдау көрсеткен дұрыс. Өміршең шығармалар көбіне бәйге үшін емес, еркіндікте жазылады. Жарыса жазғанда кейде шынайылық жоғалып, жасандылыққа жол ашылады, – дейді Бұлан Жамбыл.
Оның пікірінше, қаламгерлерді қолдаудың ең тиімді жолдарының бірі – әлеуметтік мәселелерін шешу.
– Ең алдымен баспана мәселесіне көңіл бөлінуі керек. Бірақ мұндай қолдауға кім лайық екенін анықтайтын кеңес бейтарап әрі әділ ақын-жазушылардан құралғаны жөн. Немесе кеңес мүшелерін әділ шешім қабылдауға ынталандыратын нақты механизмдер болуы қажет, – дейді ол.
Әдебиет саласындағы цифрландыру үрдісін де оң бағалайды.
– Мемлекеттік тапсырысқа кітап ұсыну жүйесінің онлайн форматқа көшірілуі – қуантарлық жаңалық. Ендігі маңызды мәселе – ұсынылған кітаптарды іріктеудің әділ әрі ашық өтуі, – дейді ол.
Бұлан Жамбылдың сөзінше, өнер, мәдениет және әдебиет қоғам құндылықтарын қалыптастырып қана қоймай, ұлттың өзіндік болмысын айқындайтын басты салалар.
– Қоғам құндылықтарын қалыптастыру түгілі, ұлтты ұлт қылатын, оған өзіндік қайталанбас ерекшелік беретін – осы үшеуі. Бір халықты екінші халық ең алдымен оның өнері, мәдениеті мен әдебиеті арқылы таниды. Оның үстіне бұл салалардың экономикалық маңызы да бар. Өсемін, өркендеймін деген ел осы үш бағытты дамытуға күш салуы керек, – деп түйіндеді ол.
Расында, өнер, мәдениет және әдебиет – ұлттың рухани тірегі. Сондықтан бұл салаларды дамыту тек шығармашылық қауымның емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті болып қала береді.