“Оңбаған болмаңдар!”: Абаев жастарға ақыл айтты

“Оңбаған болмаңдар!”: Абаев жастарға ақыл айтты
ашық дереккөз

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Екатеринбургте өткен Халықаралық жастар фестивалінде студенттерге өмірде табысқа жетуге көмектесетін үш маңызды қағида туралы айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ол жастарға ең алдымен адамгершілік қасиетті сақтаудың маңызын атап өтті.

«Оңбаған болмаңыздар. Егер мен жай ғана “жақсы адам болыңдар” десем, оны көпшілік есте сақтай қоймас. Сондықтан басқаларға зиянын тигізетін, жағымсыз адам болмау өте маңызды. Бұл – болашақта дұрыс жол табуға көмектесетін басты қасиеттердің бірі», – деді елші.

Дәурен Абаевтың айтуынша, екінші маңызды қағида – өз ісінің кәсіби маманы болу.

«Қандай саланы таңдасаңыз да, өз жұмысыңызды жетік меңгеруіңіз керек. Кәсібилік – табыстың негізгі шарттарының бірі», – деді ол.

Сондай-ақ елші студенттік жылдарды тек оқумен шектемеуге шақырды. Оның пікірінше, жастар қоғамдық жұмыстарға араласып, спортпен шұғылданып, жаңа таныстықтар орнатуға уақыт бөлгені жөн. Өз тәжірибесін мысалға келтірген Абаев студент кезінде университеттің студенттік кәсіподақ комитетін басқарғанын, спортпен айналысып, футбол ойнағанын айтты.

«Соның арқасында оқуымды аяқтаған кезде таныстарым мен байланыстарымның ауқымы әлдеқайда кең болды. Ал тек сабақпен ғана айналысқан қатарластарымның мүмкіндігі шектеулі еді», – деді ол.

Елшінің сөзінше, студенттің ең құнды ресурсы – уақыт. Сондықтан оқу жылдарын тек дәріс пен емтиханға арнамай, жан-жақты дамуға пайдалану маңызды.

«Оқуды бітіргеннен кейін бос уақыт қазіргідей көп болмайды. Сондықтан студенттік кезеңдегі мүмкіндіктерді тиімді пайдаланған жөн», – деді Дәурен Абаев.

Еске салайық, қазіргі уақытта Дәурен Абаев Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарып жүр. Ол бұл қызметке 2023 жылдың 3 шілдесінде тағайындалған еді.