"Өмір сүру деңгейіміз төмен". Сарапшы халықтың табысы мен шығысына талдау жүргізді

Кәмшат Тілеухан 26 мау. 2025 12:59

"Экономиканың шынайы бет-бейнесі халықтың күнделікті күнкөрісінен көруге болады. Қарапайым адамдардың қандай тауарларды жиі сатып алатынына, үнемді қай тұрғыда жасайтынына және ай соңына ілдебайлап қалай жетуге тырысатынына қарап, елдің экономикалық ахуалы қандай екенін аңғарауға болады". Осылай деген EconomyKZ.org порталының сарапшысы Лина Егель қызы 2025 жылдың алғашқы тоқсанына арналған ресми мәліметтерге сүйене отырып, Қазақстан азаматтарының табысы өскенімен, шығындары да артқанын айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Орташа есеппен әрбір қазақстандықтың ай сайынғы ақшалай табысы — 350 382 теңге. Бұл - өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,1%-ға көп. Алайда, бұл өсім — инфляцияны есепке алмағандағы көрініс", делінген автор материалында.

Табыстың негізгі көздері:

  Еңбекақы мен жеке кәсіпкерлік — 74,9%, оның ішінде:

жалдамалы жұмыс — 66,9%

өзін-өзі жұмыспен қамтығандар — 8,0%

  Зейнетақы, жәрдемақы, атаулы көмек — 22%

  Туыстар мен таныстардан келетін көмек, алимент және басқа түсімдер — 3% жуық.

"Қазақстанда халықтың табысы әлі де негізінен жалдамалы еңбектен тұрады. Бизнестен, инвестициядан немесе мүліктен түсетін табыс үлесі мардымсыз. Орташа шығыс — 312 710 теңге. Оның 90,6%-ы тұтынуға жұмсалады — яғни тамақ, киім, тұрмыстық қызметтер. Қалғаны — салықтар, кредиттер, алимент, т.б", - дейді Лина Егель қызы.

Шығыс құрылымы:

  Азық-түлікке — 50,6%

  Тұрмыстық тауарларға — 20,4%

  Ақылы қызметтерге — 19,6%

  Қалғаны — көмек, салық, қарыз төлеміне кетеді.

"Табыс артса да, халықтың жарты табысы азыққа кетуде. Бұл — халықтың көп бөлігінің негізгі қажеттіліктерден аса алмай отырғанын көрсетеді", - дейді сарапшы.

Ел ішіндегі табыс деңгейі біркелкі емес. Ең жоғары табыс мына өңірлерде тіркелген:

  Қарағанды облысы — 407 862 теңге

  Алматы қаласы — 403 990 теңге

  Астана қаласы — 402 784 теңге

Ең төмен табысты өңірлер:

  Түркістан облысы — 228 369 теңге

  Қызылорда облысы — 257 701 теңге

"Бұл айырмашылық — экономикалық саясаттың басты мәселелерінің бірі. Аймақтық теңсіздік тек табыс айырмашылығында емес, инфрақұрылым, жұмыс орны, инвестиция көлемінде де байқалады", - дейді ол.

Қазақстандықтардың тұтынуының 98,3%-ы — ақшаға сатып алынған өнім мен қызмет. Тек 1,7%-ы үй шаруашылығында өндірілген өнім немесе натуралды көмек (мысалы, әлеуметтік көмектер, жеңілдіктер) түрін құрайды .

Бірақ кейбір өңірлерде мынандай ерекшелік барі:

  Маңғыстау, Алматы және Шымкент — 100% ақшалай тұтыныс (азық-түлікті көшеден сатып алады).

  Батыс Қазақстан облысы, Қостанай — 4-5% натуралды тұтыныс (көкөніс, жеміс-жидекті өз бау-бақшасынан, ет және сүт өнімдері де қорадағы малынан алынады).

Бұл — ауылдық жерлерде немесе аграрлық өңірлерде өз өнімін тұтыну әлі де маңызды екенін көрсетеді.

Бұлардан шығатын қорытынды:

1. Табыс өссе де, инфляция әсерінен шынайы өсім байқалмайды.

2. Азық-түлікке кеткен шығынның көптігі — халықтың өмір сүру деңгейі төмен екенін аңғартады.

3. Өңірлік теңсіздік — әлеуметтік және экономикалық тұрақтылыққа қауіп.

4. Ақылы қызметке шығын төмен — бұл білім, медицина, мәдениет пен демалысқа қолжетімділіктің шектеулі екенін білдіреді.

"Бұл деректер — жай сандар емес. Олар еліміздің шынайы жағдайын көрсетеді. Халықтың табысы мен шығынына қарап, әлеуметтік саясаттың тиімділігін, бизнестің дамуына қаншалықты мүмкіндік бар екенін және болашақта не күтіп тұрғанын көруге болады. Егер Қазақстан әділ, теңгерімді әрі өркендеген ел болғысы келсе, онда әрбір өңірдің, әрбір отбасының жағдайына үңілу қажет. Статистика — осы жолдағы алғашқы қадам", - дейді сарапшы.

Бұған дейін Дүниежүзілік банк кедейшілік деңгейінің шекті мөлшерін жаңартқан болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар