"Оларға алтын виза бердік". Британ депутаты Назарбаев әулетінің қалай байығанын айтты

Dalanews 04 нау. 2022 11:57 1112

Британдық Парламенттің лейбористік партиясының мүшесі Маргарет Ходж Ұлыбритания «2008-2015 жылдың аралығында Қазақстаннан заңсыз жолмен тапқан «арам ақшаларын жасырған 205 қазақстандық клептократқа алтын виза бергенін мәлім етті деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ходж санкция салу керек деген оншақты адамның атын атап, олар ұрланған ақшаны заңдастыруға әрекет жасап жатқанын жеткізді.

Ол Британ билігінен Қазақстандағы, әлемдегі соңғы ахуалдарға байланысты өз елдерінде байлықтарын жасырып жүрген қазақстандық шенеуніктерге санкция салып, шоттарын бұғаттауды сұрады.

Маргарет Ходждің мәліметінше, Ұлыбританияда қазақстандық элита өкілдерінің жарты миллиард фунт стерлингтен астам жылжымайтын мүлігі бар. Сондай-ақ, соманың шамамен 330 миллион фунт стерлингі Назарбаевтар кланына тиесілі.

Маргарет Ходж сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев пен отбасы мүшелерінің, оның маңайындағы жақын адамдар мен  олигархтардың аттарын атап, олардың қалай байығандарына қысқаша тоқталды.

Сондай-ақ, ол шетелдегі коррупцияны әшкерелеу арқылы, Ұлыбританияның «масқара болған» заң бұзу әрекеттерінің рөлін айқындағысы келетінін жеткізді. Маргарет Қазақстанның Орталық Азиядағы ең бай елдердің бірі екенін де атап өтті.

«Кеңес Одағының ыдырауынан кейін тәуелсіздігін алған Орталық Азиядағы көпұлтты, табиғи ресурстарға бай  Қазақстан мемлекетінің құрылғанына да 30 жыл өтті.

Аталған жылдар аралығында Қазақстан кейбір көрсеткіштер бойынша едәуір табысқа жетті. Оның ЖІӨ-нің  өсімі Ресейді қосқанда маңайындағы көршілес елдердің біразынан озық тұр. Өмір сүру деңгейі жоғары, 2010 жылдарға дейін Қазақстанда саяси тұрақтылық бар сияқты көрінді.

Бірақ Қазақстан тарихының әлемге беймәлім қырлары да бар.

Елді  халықтан ұрлаған ақша арқылы байыған клептократиялық элита басқарады.


2019 жылға дейін оның автократиялық диктаторы Нұрсұлтан Назарбаев болды. Қазақстанда бар-жоғы 162 адам байлықтың 55%  иеленіп отыр, олардың көпшілігі Назарбаевтың отбасы мүшелері мен олардың жақындары.

Елдің Адам құқықтары саласындағы беделі нашар және БАҚ саласында бостандық аз. Жақында Chatham House-тің жасаған есебі қазақстандық элитаның Ұлыбританияда жарты миллиард фунт стерлингтен астам жылжымайтын мүлікке ие екендігін көрсетті.

Бұл соманың шамамен 330 миллион фунт стерлингі Назарбаевтың отбасына тиесілі екенін көрсетті.


Болжам бойынша, 15 миллион фунт стерлингке сатылды деген Саннингхилл саябағы да Назарбаевтың күйеу баласының иелігінде», – деді ол.

Ол 2006 жылы Клинтон Әкімшілігінде Мемлекеттік хатшының халықаралық құқық қолдану жөніндегі көмекшісінің бұрынғы орынбасары Джонатан Винердің Назарбаевтың жемқорлық әрекеті туралы айтқан сөзін еске салды.

«Виннер «Мен еркін әлемде Назарбаев сияқты өзінің сыбайлас жемқорлығымен танымал көшбасшыны елестете алмаймын. Біз оның сыбайлас жемқорлық әрекеттерін 15 жыл бойы көріп келе жатырмыз» деген.

Ұлыбритания аталған әрекетке көз жұмып, сыбайлас жемқорлықты елемей, қазақстандық режимнің «лас» ақшасын жұмсауына көмектесті. Аталған мәселенің қазір өзекті болуына – жемқорлыққа батқан қазақстандық саяси элита әбден шектен шықты. Бастапқыда сұйытылған газ бағасының күрт өсуіне байланысты наразылықтар тез арада билеуші режимге қарсы бүкілхалықтық қозғалысқа айналды», – деді ол.

...

Партия мүшесі сөзіне дәлел ретінде Назарбаевтың отельдерден банктерге дейінгі барлық салымының $7,8 миллиардтан кем емес активтерін жасырған «қайырымдылық» қорын жасырын түрде қалай басқаратынын анықтаған «Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты зерттеу жобасының» (OCCRP) мәліметтерін алға тартты.



Бұл жаһандық байлық 2020 жылы ішінара құрылған Ұлыбританияда тіркелген Jusan Technologies холдингіне тиесілі, деді.

Сондай-ақ Маргарет қаңтар айында Қазақстанда орын алған қасіретке тоқталып, құрбан болғандар мен жарақат алған, түрмеге қамалғандарды елдегі режимнің репрессиясына ұшырағандар деп сипаттады.

Шенеуніктің айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және жауапты салық салу жөніндегі партияаралық топ клептократияға қарсы Еуропа мен Американың заң шығару органдарының өкілдерімен ынтымақтаспақшы.

...

Сондай-ақ, ол Палатадағы баяндамасында қазақстандық «клептократтарға» жеке-жеке тоқталып шықты.

Клептократтар көшін Назарбаевтың қызы –Динара мен күйеуі Тимур Құлыбаев, олардың серіктері Арвинд Тику бастап тұр.


2020 жылы Financial Times Құлыбаевтың ірі мемлекеттік құбыр келісімшарттары арқылы қалай пайда көретініне қатысты құпия схемасын көрсеткен болатын.



Forbes мәліметінше, күйеу баланың байлығы $2,9 миллиардты құраса, Ұлыбританияда кем дегенде 60 миллион фунт стерлингке ие.

Дариға Назарбаева мен оның күйеуі Қайрат Шәріпбаевтың байлығы туыстарынан кем түспейді.

Экс-президенттің тұңғыш қызының Forbes $595 миллионға  бағалаған империясы оффшорлық компаниялардың, қорлардың және трасттардың керемет күрделі жүйесінде жасырылған.

«Дариғаның Лондондағы қандай байлыққа алынғаны беймәлім  үш иелігіне қатысты сот ісі қозғалған болатын. Бірақ Source Material зерттеушілері Дариға Ұлыбританияның Жоғарғы сотын «адастырған болуы әбден мүмкін» екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар, Шәріпбаев қазақстандық Bank RBK банкінде «Назарбаевтар отбасының Банкі» деп аталған $334 миллион алаяқтықтың бенефициарларының бірі болып табылады»,-деді ол баяндамасында.

Дариғаның ұлы және бұрынғы билеушінің немересі – Нұрәлі Әлиев те клептократтар қатарында.

Әлиев 21 жасында атасының құрметіне қойылған «Нұрбанк» төрағасының орынбасары, 22 жасында басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Ұлыбританияның сот құжаттары көрсеткендей, 2008 жылы ол компания арқылы банктен $65 миллион несие алған. Бұдан кейін де ол тағы бір рет несие рәсімдеген.

Нұрәлінің адвокаттарының айтуынша, ол несиеге алған қаражатының бір бөлігіне Бишоп даңғылынан 39,5 миллион фунт стерлинг тұратын үй сатып алған.


...

Бүгінгі таңда мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен тергеуде отырған ҰҚК-ның экс-басшысы Кәрім Мәсімов пен оның сенімді серігі банкир Айгүл Нұриева да Британияда «арам» ақшаларын жасырып келушілердің бірі.



Ft хабарлағандай, Мәсімовті британдық компаниялар пара алды деп айыптаған. Сондай-ақ, оған Airbus тарапынан 45 тікұшақ сатып алған кезде парақорлыққа жол берді деген айып тағылды.

Ал, Нұриева Швецияның Telia телекоммуникациялық компаниясынан жалпы көлемі $64 миллион пара алған деген жанжалмен танымал болған.

...

Владимир Ким – Қазақстандағы ең ірі олигарх, оның байлығы шамамен $4,3 миллиардты құрайды. Ол Лондон қор биржасында листингтен өткен алғашқы Қазақстандық компания «Kazakhmys plc» басқарды.

Global Witness-тің мәліметінше, Ким Назарбаевтың сенімді өкілі. 2017 жылы Кимнің 18 жасар қызы Камила Найтсбриджде  $60 миллионға үш пәтер сатып алған. Оның серігі Эдуард Огай – «Қазақмыстың» тең иесі.



Жұмбақ байлығы $1,6 миллиардты құрайтын Кеңес Рақышев та талқылау тізімінде бар.

Оның  бүгінде Украинаның бейбіт халқына қарсы соғысты «жиһад» деп жариялап, санкциялар қаупінде тұрған Шешенстан Республикасының президенті Рамзан Қадыровтың жақын серігі екені де айтылды.

Құны $3 миллиардтық Бермуд компаниясының жасырын иесі болып келген Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің экс-министрі – Сауат Мыңбаев. Шенеуніктің әйелі мен ұлының Ұлыбританияда жылжымайтын мүліктері бар болып шықты.



«Үштік» ретінде танымал Александр Машкевич, Патох Шодиев және олардың марқұм серіктесі (Алиджан Ибрагимов) алтын виза иегерлері. Олар Eurasian Natural Resources Corporation компаниясының, акциялары Лондон қор биржасында бағаланған қазақстандық тау-кен өндіру компанияларының басшылары ретінде танымал.

2013 жылы SFO ірі алаяқтықпен күресу басқармасы (Serious Fraud Office) африкалық саясаткерлер аталған үштікке пара алды деп айып таққаннан кейін, компанияға қатысты қылмыстық тергеуді бастаған (компанияның Конгода активтері  мен мыс кеніштері бар).



Баяндама кезінде Назарбаев аппаратының бұрынғы басшысы – Болат Өтемұратовтың да аты аталды.  Өтемұратовқа тиесілі Forbes Kazakhstan кәсіпкердің байлығын $3,9 миллиардқа бағалаған.

Самұрық-Қазына тәуелсіз әл-ауқат қорының экс-төрағасы Ахметжан Есімов.  Есімов бұрынғы күйеу баласы Ғалымжан Есеновке Британдық Виргин аралдарының құпия компаниялары арқылы «Қазфосфат» атты компанияны сатып алу үшін несие беріп, лауазымын асыра пайдаланған. Экс- күйеу бала бүгінде Қазақстанның ең бай адамдарының бірі.



Бірқатар лауазымды қызметтер атқарған Назарбаевтың құдасы – Қайрат Боранбаев та байлығын Британияда сақтаушылардың бірі. Оның Түркменстаннан келетін газ құбырына қатысты қаржы жымқыру дауына қатысы бар.

Қайраттың Вирджиния-Уотерде құны  $25,4 миллион фунт стерлинг тұратын эксклюзивті жабық кешені, One Hyde Park-та 60 миллион фунт стерлинг тұратын пәтер және Найтсбриджде 15 миллион фунт стерлингтен асатын үш сәнді пәтері бар. Ол марқұм Айсұлтанның қайын атасы.



Содан кейін Александр Клебанов пен ұлы Яков. Александрдың байлығы $374 миллионды құрайды. Ол Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясын басқарады. Клебанов пен ұлы Назарбаевтың қаржылық сенімді өкілдерінің бірі және Дариға Назарбаеваға «түсініксіз байлық» туралы бұйрықтан аулақ болуға кеңес берген де осы әкелі-балалылар (осы ордер арқылы сот капитал мен жылжымайтын мүлікке тыйым салуы мүмкін).



«Nur Otan»партиясының жоғары лауазымды тұлғалары – Нұрлан Нығматулин, Бауыржан Байбек және Марат Бекетаевтың да аты аталды.

Маргареттің сөзінше, олар Назарбаевтың жақын серіктестері және сыбайлас жемқорлықты қолдауға, адам құқықтарын бұзуға қатыстары бар болғандары үшін жауапқа тартылулары тиіс.




Ұлыбритания Жоғарғы Соты Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның күрделі оффшорлық құрылымдар арқылы, оның ішінде Британ Виргин аралдарында елден $300 миллионнан астам қаражат шығарғанына баса назар аударды.



Бизнесмен Айдан Кәрібжановтың экс-әйелінің «Қазақстанның ұлттық телекоммуникациялық компаниясын сату арқылы банкир ретінде өз жағдайын жасады, мемлекет есебінен саяси байланысы бар инсайдерлерге үлкен пайда әкелетін мемлекеттік активтерді жекешелендірді» деп таққан айыбын да қарастыру керектігі айтылды.  Оффшорлық құрылымдар арқылы айтарлықтай жетістікке жеткен Назарбаевтың жиендері — Қайрат Сатыбалды  мен Самат Әбіш те аталған тізімнен шет қалмады.

..

Сөз соңында Маргарет  жемқор элитаға санкциялар салу  Қазақстанда түбегейлі демократиялық өзгерістерге әкелмейтінін,  бірақ осы арқылы «арам жолмен» келген ақша мен сыбайлас жемқорлықпен күресуге міндеттеме алғандарын білдіргілері  келетінін мәлімдеді.



«Лондон мен біздің қаржылық қызмет көрсету секторымыздың беделі қазірдің өзінде бұзылған, өйткені Ұлыбритания «арам» ақшаға юрисдикция ретінде қарастырылады.

Жылдам әрекет ету арқылы біз жаһандық Ұлыбритания идеясын қалпына келтіріп, одақтастарымызға клептократтар мен олигархтарға баспана бермейтінімізді көрсете аламыз», – деді.

Айта кетсек, Украинаның бейбіт халқына қатысты басқыншылық әрекет жасаған Ресей билігіне қатысты Еуропаның бірқатар елдері мен АҚШ бірқатар санкциялар салды.

Санкциялар қатарында ірі бизнесмендердің есепшотын бұғаттау да қарастырылған.

Айжан ҚАЛИАСҚАР




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар