Нұртас Адамбай: "Халық көрмейтін киноларға миллиардтап ақша жұмсалады"

Dalanews 13 мам. 2017 05:04 1266

Танымал режиссер әрі продюсер Нұртас Адамбай кино арқылы мемлекеттің экономикасын дамытуға болатынын айтты. Ол өз қаражатына түсіретіндіктен, кей кездері сапалы дүние жасауға ақша аяп қалатынын мойындады. Бұл ретте Адамбай мемлекет тарапынан кино саласына бөлінетін қаражаттың ел көрмейтін дүниелерге жұмсалатынына қапаланды. Бұл туралы Адамбай 365info-ға берген сұхбатында айтты.

Режиссер қанша халықтың ықыласына бөленсе де, өз туындыларын көргісі келмейтінін мәлімдеді.

– «Лифт» фильмінің монтаждалған нұсқасы дайын болды. Оны әлі көрмедім, себебі бұған дейін фильмдердің «шикі» нұсқасын көрген кезде «осыны өшіріп, ешкімге көрсетпей-ақ қояйық» дегенмін. Өз жұмыстарымды көргенді онша ұната бермеймін. Себебі өзімді өзім сынап, «қап, мына жерде осылай істеуім керек еді» деп жиі айтамын. Осы жерде аямай-ақ қоюым керек еді деп ойлайсың. Жалпы өз ақшаңа түсірген кезде барлығының қымбат екенін түсінесің. Мәселен, 4 секундтық кадр үшін 1500 долларға кран шақыртқың келмейді. «Одан да сол кадр болмай-ақ қойсың, есесіне үнемдейсің» дейсің де, фильм дайын болған кезде өкініп қаласың, – деп ағынан жарылды кинорежиссер.

Адамбай мемлекет тарапынан ұлттық компанияларға бөлінетін ақша өз қолына тисе, әлемге көрсетуге ұялмайтындай кино түсіретінін ашына жеткізді.

– Ұлттық компаниялар халықтың сұранысында жоқ киноларды түсіруге миллиардтар жұмсап жатқанын білгенде екі есе ішің ашиды. Себебі ондай ақшаға әлемге ұялмай көрсетуге болатын кино түсіруге болады. Жалпы кино – табыс алып келетін нәрсе. Егер біз кино саласына бюджеттен бөлініп жатқан қыруар қаржыны басқаша жұмсайтын болсақ, креативті ой қосатын болсақ, қап… Жалпы киноға кеткен шығын қайтпайды деп ойлайтын біз ғана. Бірақ шынына келгенде мемлекет кино арқылы ақша таба алар еді. Бір фильмге 2 миллион, тіпті 5 миллион доллар бөл. Бұл ақша онсыз да бөлініп жатыр. Соны әлемдік прокатқа беріп, Қытайдан, Америкадан, Еуропадан ақша жинап алуға болар еді. Ол мемлекеттің имиджін қалыптастырады. Себебі кино – ол интеллектуалдық еңбек, – деп түйіндеді сөзін Нұртас Адамбай.

 

Дереккөзі: stan.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар