Нұрқанат Ғайыпбаев үш жыл бұрын ұшақ апатында екі адамды құтқарып қалған

Көркем Алдабергенова 11 жел. 2024 15:12 1242

Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың 2021 жылы «Newqazaq.kz» ақпараттық агенттігіне берген сұхбаты тарады. Онда Нұрқанаттың екі адамды құтқарып қалғаны айтылған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Сол күні жұмыста болатынмын. Сағат 17-20-да диспетчер қызметінен апат болды деген шақырту түсті. Оқиға болған жерден ара қашықтық 7 шақырымдай екен. Жалма жан сол бағытқа бет алдық. 7 минутта оқиға орнына жеттім. Хабарламада қоршаудың сырты деп түскен, алайда самолет ұшу-қону жолағына жетпей қоршаудың ішіне құлапты. Айналып келу үшін уақыт жоғалтатын болғандықтан, қоршаудан асып түсіп, қолыма биксімді ала сала жүгірдім. Самолет жанып жатыр. Өрт сөндірушілер мен авиациялық дәрігерлер де арғы жағынан келе жатыр екен. Жанып жатқан самолетке қарай жүгірдік.

Борттың жанында өрт ішінде ессіз жатқан екеуін сүйреп алып шығып, алғашқы көмек бердік. Біреуін авиациялық дәрігерлер, біреуіне алгоритм бойынша алғашқы көмекті өзім көрсеттім. Оларды емханаға жеткізу үшін қосымша 3 бригада шақырдым. Лезде 18-ші бригада келді. Науқасты емханаға алып кетті. Негізінде әлеужелідегі «батыр жігіттер» – тек науқасты алып кетіп, емханаға жеткізушілер. Сол жерде Алматы қаласының жедел жәрдем қызметінің міндетін атқарушы Пархат Надыров жұмысқа ауысу туралы ұсынысты тек екеуіне емес, бәрімізге айтты. Екеуі келісімін берді, мен өз ортамды таңдадым», – деген еді Нұрқанат.

Нұрқанат 10-шы бригада қайтыс болғандарды анықтап, зерттеу жұмыстарын жасау үшін өзімен қалғанын айтқан. Түнгі он-он бірге дейін сонда болған. Өрт өшірілген. Екі адамды кабинаның алдынан, біреуін ортасынан, ал біреуін борттың сыртынан тапқан. Алматының жедел жәрдем қызметі бәрі біткен кезде сағат 19.30-дарда жеткен. 

«Бұл бір мақтанарлық жағдай емес, алайда «шындық неге бұрмаланды, осындай сын сағатта кім өз ұпайын түгендегісі келді екен»,- деген ой мазалады. Ертесіне жұмысқа келгенде басшылардан заң талаптарын бұзғаным үшін ұрыс есіттім. №230 бұйрық бойынша төтенше жағдай тәртібін бұзғаным рас. Самолет жанып жатыр, айналаның бәріне бензин төгілген. Кез келген жағдайда самолет жарылуы қаупі жоғары. Қауіпсіздік ережелерін сақтау міндетім. Бірақ маған сол сәтте, өз өмірімді сақтайтын ережеден гөрі азаматтық, адамгершілік парызым жоғары тұрды. Сәлден соң, ашулары басылған соң меңгерушіміз Баян Есенұлы арқамнан қағып, «сен нағыз ерлерше әрекет еттің» деп алғысын айтты. Аға фельдшерлер Назерке Айдархан мен Алтынай Анарбек те өз алғыстарын білдірді. Алматы облысы жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары Омар Нұрғали Омарұлы мен Алматы облысының аға фельдшері Серік Анарбекұлының алғысы да мен үшін барлық марапаттан үлкен, – дейді нағыз батыр Нұрқанат.

Еске салайық, 9 желтоқсанда Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша, ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті. 

Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған.

Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар