Нұрәлі Әлиев әкесі Рахаттың "стратегиялық шешімі" туралы айтты

Көркем Алдабергенова 02 қаз. 2025 09:55

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі, Рахат Әлиевтің ұлы Нұрәлі Әлиев әкесінің есімін Қазақстан футболының тарихымен байланыстырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Нұрәлі Әлиевтің айтуынша, 2002 жылдың 25 сәуірінде Қазақстан футбол федерациясын басқарған Рахат Әлиевтің тұсында еліміз Азия конфедерациясынан шығып, ресми түрде УЕФА-ға қабылданды.

"Соңғы күндері әкем Рахат Әлиевке қатысты көп жылы сөз естіп жатырмын. Бұл тегін емес. Ол федерацияны басқарған кезінде Қазақстан УЕФА-ға кірді. Сол кезде Мишель Платинимен Стокгольмде өткен келіссөздерді және оның 2005 жылы Алматыға алғаш келуін жақсы есімде. Ол кезде бәрі енді басталып жатқан…", – деп жазды ол.

Әлиев Алматы орталық стадионында өткен Чемпиондар лигасының "Қайрат" – "Реал Мадрид" кездесуін тамашалап, ел футболы үшін қабылданған шешімнің стратегиялық маңызын ерекше сезінгенін айтты.

"Біздің алматылық "Қайрат" УЕФА-ның ең атақты клубы "Реалға" қарсы ойнады. Мұның бәрі – Алматыда! Сол сәтте шешімнің қаншалықты стратегиялық болғанын шын сезіндім. Жылдар өте келе ол өз жемісін беруде. Мақтанамын! Бұл тарихи сәтпен барлық алматылықтарды, бүкіл Қазақстанды және, әрине, "Қайрат" футбол клубын құттықтаймын! – деді ол.

Рахат Әлиев әр жылдары салық полициясының бастығы, ҰҚК мемлекеттік қауіпсіздік қызметі бастығының орынбасары, Австриядағы елші, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 2007 жылы айыптаулардан қашып елден кеткен. 2015 жылы Вена түрмесінде өлі күйінде табылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар