Нұрай Серікбайдың туыстары сот отырысын онлайн көрсетуді сұрап отыр

Нұрай Серікбайдың туыстары сот отырысын онлайн көрсетуді сұрап отыр
ашық дереккөз

Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ісі 6 айдан соң сотқа жолданды, деп хабарлайды dalanews.kz "Жетінші арнаға" сілтеп.

Жәбірленуші тараптың адвокатының сөзінше, прокурор күдіктіге қатысты айыптау актісін түзіп, істі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолдаған. Адвокат бұған дейін прокуратураға жолданған өтінішхат тек ішінара қанағаттандырылғанын мәлімдеді. Оған қоса, қызды алып қашуға қатысқан күдіктінің туыстары жауапқа тартылмаған.

"Бұл аса ауыр санаттағы іс болғандықтан, мамандандырылған сот қарайды. Іс күдіктіге қатысты үш баппен жолданды. Олар - аса қатігездікпен кісі өлтіру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу бабы. Менің ой-пікірім бойынша келесі аптада ең алғашқы сот отырысы басталып қалуға тиіс", - деді адвокат Аянхан Омаров.

Марқұмның туыстарының ендігі талабы - сот отырыстарын онлайн көрсету.

"Бұл - күдіктінің жазадан сытылып кетуіне мүмкіндік бермейтін бірден-бір құрал", - дейді Нұрай Серікбайдың жақындары.

Олар күдікті өмір бойына сотталуын талап етіп отыр.