Нығматулинге тиесілі зауыттағы 4 жұмысшының өлімі – Қылмыстық іс тергелуде, бірақ күдіктілер әлі анықталмаған

Қаракөз Амантай 29 қаң. 2025 10:48

Қарағандыда кәсіпкер Ерлан Нығматулинге тиесілі “YDD Corporation” ферроқорытпа зауытында жұмысшылардың қаза болуына байланысты қылмыстық істің қозғалғанына жарты жылдан астам уақыт өтті. Алайда күдіктілер әлі анықталмаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Қажетті сараптамалар тағайындалды, бірақ толық аяқталған жоқ. Сараптама нәтижелерін күтіп отырмыз”, – деп мәлімдеді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі КазТАГ редакциясына.

Сондай-ақ құқық қорғау органдары аталған істің “Еңбекті қорғау ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу” бабы бойынша тек оқиға фактісі негізінде тергеліп жатқанын, әзірге нақты күдіктілердің жоқ екенін атап өтті.

Зауыттағы трагедия және тергеу барысы

Еске сала кетейік, 2024 жылы 20 шілдеде “YDD Corporation” ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай орын алды. Компания бұл оқиғаны “күтпеген жағдай” деп атады. №1 балқыту пешінде кенеттен жалын атқылап, салдарынан сегіз қызметкер ауыр жарақат алды. Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Инцидентті тергеу үшін республикалық арнайы комиссия құрылды. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, жұмыс берушінің басты жауапкершілігі айқындалған. Мемлекеттік органдардың мәліметінше, кәсіпорында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шұғыл шаралар тиісті деңгейде орындалмаған, жұмысшылардың денсаулығына зиян тигізетін факторларды азайтуға қажетті жағдайлар жасалмаған. Алайда пештің тұтану себебі әлі нақты анықталған жоқ.

“YDD Corporation” компаниясы арнайы комиссияның тергеу нәтижелеріне қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ.

Оқиға салдарынан плавильді цехтың механигі Дмитро Адамчук, бас механик қызметінің шебері Төлеген Жетпісбаев, технолог Ерұлан Қазкен және пеш бастығы Мұзафар Исмайылов қаза тапты.

Зауыттағы қайғылы оқиғалар тізбегі

Бұл – “YDD Corporation” зауытында орын алған алғашқы төтенше жағдай емес. 2022 жылғы мамырда дәл осы кәсіпорында рудоплавильді пештен жалын атқылап, жұмысшы Сұңғат Тонтаев ауыр күйік алды. Ол 80% еңбек қабілетінен айырылып, екінші топтағы мүгедек атанды.

Алайда, аталған оқиға бойынша “Еңбекті қорғау ережелерін бұзу, абайсызда ауыр жарақатқа әкелу” бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс бір жыл өткен соң мерзімнің өтуіне байланысты тоқтатылған.

Параллель түрде жәбірленуші сотқа жүгініп, компанияны өзіне мүгедектік әкелген жағдайға тікелей жауапты деп тануды талап еткен. Ол кезде оқиға қоғамға кеңінен жария болды.

Компания және оның құрылтайшылары

"YDD Corporation" – жоғары сапалы ферросилиций, цемент және микрокремнеземді бетон өндірісімен айналысатын кәсіпорын. Оның тең иелерінің бірі – кәсіпкер Ерлан Нығматулин, ол Қазақстанның бұрынғы Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің егізі.

Кәсіпорынның басқа құрылтайшылары қатарында Forbes Kazakhstan тізіміндегі бизнесмен Дінмұхамед Ыдырысовтың ұлы Жармаханбет Аппаз, сондай-ақ кәсіпкер Давид Кемертелидзе бар.

КазТАГ агенттігінің мәліметінше, зауыттың құнының 66%-ы мемлекет қаражаты есебінен қаржыландырылған.

Үкіметтің реакциясы және Нығматулиндерге қатысты айыптаулар

2024 жылғы 25 шілдеде ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов аталған қайғылы оқиғаның тергеуін жеке бақылауына алғанын мәлімдеді.

Ал 30 шілдеде белгілі болғандай, зауыт басшылығы апат орын алған сәттен бастап екі сағат бойы төтенше жағдай қызметіне хабар бермеген және құтқарушыларды объектіге кіргізуден бас тартқан.

Нұрлан Нығматулин 2022 жылы 1 ақпанда, Қаңтар оқиғасынан кейін, Мәжіліс төрағасы қызметінен кеткен болатын. Ол бұл лауазымды 2016 жылдан бері атқарып келген, сондай-ақ 2012-2014 жылдары да спикер болған. Бұған дейін ол Президент Әкімшілігін басқарған, сондай-ақ Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарған.

Ерлан Нығматулин Мәжіліс пен Сенаттың бұрынғы депутаты, ал олардың үлкен ағасы Арғын Нығматулин – Қарағанды облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты.

Бауырларына рейдерлік әрекеттерге қатысы бар, қылмыстық құрылымдармен байланысы бар, заңсыз қылмыстық істер ұйымдастырған деген айыптар бірнеше рет тағылған. Алайда олардың ешқайсысы жауапкершілікке тартылған жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove