Таиландта Рама X королінің үлкен қызы, ханшайым Баджракитиябханың қайтыс болғаны хабарланды. 47 жастағы ханшайым ел ішінде Па ханшайым деген атпен де танымал болған, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы хабарды Корольдік бюро таратқан. БАҚ мәліметінше, ханшайым ұзақ уақытқа созылған аурудан кейін 11 маусым күні жергілікті уақытпен сағат 19:48-де Чулалонгкорн королі атындағы мемориалдық ауруханада көз жұмған.
Ханшайым Баджракитиябха 2022 жылдың желтоқсанынан бері комада жатқан. Оның өмірі арнайы медициналық аппараттардың көмегімен сақталып келгені айтылды.
2026 жылдың 21 мамырында ханшайымның денсаулығы күрт нашарлаған. Бұған ішектің қабынуынан пайда болған құрсақ қуысындағы инфекция себеп болғаны хабарланды. Сонымен қатар оның қан қысымы төмендеп, жүрек соғысы бұзылып, қан ұюында да қалыптан тыс өзгерістер байқалған.
Ханшайымның өмірден өтуі Қазақстан үшін де елеулі оқиға ретінде айтылып отыр. Себебі Баджракитиябха бұған дейін Қазақстанға сапармен келіп, екі ел арасындағы мәдени және дипломатиялық байланысты нығайтуға үлес қосқан.
Оның еңбегі ескеріліп, ханшайым Қазақстанның II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған. Аталған марапат туралы жарлыққа сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған.