Таяуда Elmedia каналында Гүлжан Ерғалиеваға сұхбат берген оппозициялық саясаткер Болат Әбілов Назарбаевқа қатысты көпшілік білмейтін бір шындықты айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
2000 жылдардың басында Нұрсұлтан Назарбаев Теңіз кенішін сатудан түскен қаржыдан 500 млн долларды Еуропа банктерінде өз атынан құпия есепшот ашып, салып қояды. Арада біршама уақыт өткеннен кейін әлгі құпия есепшотқа қатысты ақпарат қоғамдық ортаға мәлім болады.
Осыдан кейін сол кезде Үкімет басшысы болған Иманғали Тасмағамбетов Парламент депутаттары алдында Нұрсұлтан Назарбаев ел мүддесіне арнал5ан ақшаны ешкімге сенбеген соң Еуропа банктеріне аударып, өз атынан есепшот ашып, салып қойғанын көрегенді іс ретінде көрсетуге тырысқан болатын.
Тасмағамбет мұның алдында Атырау облысы әкімі болғанда қызды-қыздымен өзін "Назарбаевтың өнімі" деп атап жібергені есімізде. Имекеңнің аузынан шыққан әлгі бір сөзі сол заматта қазақ даласына электр қуаты секілді тарап, соңынан елес секілді әлі күнге дейін қуып жүргенін білеміз.
Енді Имекеңді жайына қалдырып, негізгі әңгімемізге оралсақ.
Назарбаев шетелдік банктен өз атына құпия шот ашып, қыруар қаржыны салып қойғаны әшкере болғаннан кейін, дүниежүзі елдері атамызды қазынаға қол салған жебір басшы, диктатор ретінде тани бастады.
Нұрекең қанша ақталса да, оны Батыс елдері былыққа батқан басшы ретінде қабылдауын қойған жоқ.
Осыдан кейін атамыз біраз уақытқа дейін алдына келіп, кездескен адамдарға өзінің адал басшы екенін айтып сендіруге тырысса керек.
Болат Мұқышұлы сол оқиғаның қызуы басылмай тұрған кезде Назарбаевпен кездескенде атамыздың қалай ақталғанын Гүлжан Ерғалиевға әңгімелеп берді.
Бөкеңнің айтуынша, атамыз өзін сүттен ақ, судан таза етіп көрсету үшін Путиннен ақыл сұрап, кеңесіне құлақ асқанға ұқсайды. Сол кездесуде Назарбаев Әбіловке былай деген екен.
– Мына қулығына құрық бойламайтын американдықтар менің ұзақ жылдар бойы жинаған абырой-беделімді түсіру үшін Еуропадағы банктердің бірінен менің атымнан жеке шот ашып, жүздеген миллион доллар салып, абыройыма нұсқан келтіруді көздеген. Мұны маған Путин айтты, – деп Әбіловтың алдында ақталған ғой.
Бұл – Путиннің стиліндегі ертегі екені анық. Бұған пропагандамен санасы әбден уланған, АҚШ-ты ата жауы санайтын орыстың мұжығы сенетіні анық.
Ал қазақтарды "құлаққа тепкен" бұл әңгімені айтып, сендіру мүмкін емес. Мұны кейіннен жақсы түсінген Назарбаев бұл нұсқаны ақпарат құралдарында ашық таратуға дәті жетпесе керек.
Егер сол кезде атамыз Путиннің кеңесіне құлақ асып, ел ішінде осы ақпаратты таратқанда Америка Нұрекеңнің езуін тіліп, атамыздың бұдан басқа да былықтарын алдына қойып берген болар еді.
Сол кезде Назарбаев аузынан "авария" болса, оның режімі 30 жылға созылмас еді.
Бірақ Назарбаев шетелдің банкіндегі құпия есепшоты белгілі болғаннан кейін оны жеке бастың мүддесін көздеп ашқанын еш уақытта мойындамағанын білеміз.