Freedom Inside '26

ҚТЖ басшысы туыстарының бизнесіне байланысты сынға жауап берді

ҚТЖ басшысы туыстарының бизнесіне байланысты сынға жауап берді
Ашық дереккөз.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов отбасы мүшелерінің теміржол және логистика саласындағы бизнесіне қатысты сұраққа жауап беріп, мүдделер қақтығысы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкіметтегі брифинг барысында журналистер ҚТЖ басшысының жұбайына тиесілі бірқатар табысты компаниялар, сондай-ақ оның туыстарының теміржол және логистика саласындағы қызметі туралы сұрақ көтерді. Сонымен қатар декларацияларда көрсетілген кірістер мен ықтимал мүдделер қақтығысы мәселесі де сөз болды.

"Адал Адам" тілшісінің айтуынша, ашық дереккөздерде Алдыбергеновтің жұбайы Эльмира Қолғанатова бірнеше логистикалық компанияға иелік ететіні, ал ұлы мен басқа да туыстарының теміржол саласымен байланысты болғаны көрсетілген.

Бұған жауап берген ҚТЖ басшысы жұбайына қатысты компаниялардың ұлттық компаниямен немесе мемлекеттік органдармен жұмыс істемейтінін айтты.

«Біріншіден, жұбайым қатысы бар компаниялар ҚТЖ-мен де, мемлекеттік органдармен де жұмыс істемейді. Екіншіден, негізгі қызметім бойынша ешқандай мүдделер қақтығысы жоқ. Барлығы заң талаптарына сәйкес декларацияланған», – деді Алдыбергенов.

Журналист оның отбасы мүшелерінің табысы мен активтері толық көлемде декларацияда көрсетілген-көрсетілмегенін нақтылаған кезде ҚТЖ басшысы барлық мәлімет заң аясында жарияланғанын айтты.

«Декларация заңға сәйкес жарияланады. Қарап шығуға болады», – деді ол.

Сонымен қатар журналист туыстарының теміржол логистикасы саласындағы қызметі мен ҚТЖ басшылығы арасында мүдделер қақтығысы болуы мүмкін екенін алға тартты. Алайда Алдыбергенов бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді.

«Менің туыстарым ҚТЖ-да жұмыс істемейді. Балаларым да, жұбайым да ұлттық компанияда қызмет атқармайды. Сондықтан мұнда ешқандай мүдделер қақтығысын көріп тұрған жоқпын», – деді ҚТЖ төрағасы.