Әлемдік нарықта мұнай бағасы АҚШ президенті Дональд Трамптың Ормуз бұғазының жақын арада қайта ашылатыны туралы мәлімдемесінен кейін төмендей түсті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сауда барысында Brent маркалы мұнай фьючерстерінің құны бір баррель үшін 82,68 долларға дейін түсті. Бұған дейін оның бағасы 84 доллар деңгейінде болған. Ал америкалық WTI маркалы мұнайдың бағасы 80,63 долларға дейін арзандады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 81 долларды құраған.
Сарапшылардың айтуынша, мұнай бағасының күрт төмендеуі АҚШ пен Иранның бейбіт келісімге келгені туралы мәлімдемелерден кейін басталған.
Нарық қатысушылары бұл келісім аймақтағы геосаяси тәуекелдерді азайтып, Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалының қалыпты режимде жалғасуына мүмкіндік береді деп бағалап отыр.
Айта кетейік, Ормуз бұғазы әлемдік мұнай тасымалының маңызды бағыттарының бірі саналады. Сондықтан ондағы ахуал мұнай бағасына тікелей әсер етеді.