Назарбаевтың "әмияны" Владимир Кимнің экс президентпен байланысты бизнес империясы

Көркем Алдабергенова 01 нау. 2024 16:17 4977

Қазақстандағы ең бай адам Владимир Кимнің байлығы 4,6 млрд долларға бағаланған. Қоғамда Ким - Назарбаевтың "әмияны" деген сөз бар. Кимнің Назарбаевпен байланысты қандай кәсібі бары анықталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz "Жас Алашқа" сілтеп.

Владимир Ким KAZ Minerals Ltd акционері, президенті және атқарушы емес директоры. "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС, "Bank RBK" АҚ акцияларының басым бөлігін және "Таң" телерадиокомпаниясының акцияларының үлесіне иелік етеді. Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық реестрінің мәліметтеріне сәйкес, оған ресми "КСС Финанс", DSFK, Holding DSFK, Kazakhmys Holding Limited, Trianon Limited жеке компаниялары ғана тиесілі.

Владимир Сергеевич Ким мыс бизнесіндегі еңбек жолын 1995 жылы "Жезқазғанцветмет" АҚ басқарушы директоры және бас атқарушы директоры лауазымдарынан бастады.

2000 жылдың желтоқсанында Ким корпорацияның ең үлкен пакетінің (25,7%) иегері атанып, компанияның директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Оны Ким Cuprum Holding Limited корпорациясы арқылы басқарды.

2005 жылы Лондон қор биржасында компанияның акцияларын орналастырғаннан кейін "Еуроазиялық мыс монополиясының тұтқасын кім ұстап отыр" деп лондондықтар біздің компанияға қызыға бастады. Британдық Global Witness үкіметтік емес ұйымы жүргізген тексеру барысында "Қазақмыс" акционерлері Ким мен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тығыз байланысын анықтады.

Міне, осылайша "Назарбаевтың әмияны" атанған Кимнің бизнесі өрге домалап, дәулеті жылдан жылға көбейе берді. Қазіргі күнде оның байлығы мыс сатудан еселеп артып отыр.

"Люкс Сервис KZ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2022 жылы 3 ақпанда соңғы рет тіркеуден өткен. Бірінші басшысы Аюпов Раухат Абылаевич. Жылжымайтын мүлік пен операциялар қызмет түрімен айналысады.

Ресми мәліметте аталған кәсіпорынның тікелей Кимге қатысы бары айтылмайды. Бірақ 2022 жылдың маусым айында олигархтар Владимир Ким мен Эдуард Огай "Елбасы қорына" тиесілі Lux Service KZ ЖШС-ның 50 пайыз акциясын 1,3 млрд теңгеге сатып алды.

Қазіргі құрылтайшылары – "Жылжымайтын мүлікті басқару дирекциясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен "Қазақмыс корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания жылжымайтын мүлікті пайдаланумен, жылжымалы және жылжымайтын мүлікпен операциялар орындау, дамыту қызметімен айналысады.

Компанияның екінші құрылтайшысы – "Жылжымайтын мүлікті басқару дирекциясы" ЖШС, оның құрылтайшысы – "Елбасы" қоры, "Елбасының" құрылтайшысы – Нұрсұлтан Назарбаев.

Орналасқан жері – Астана қаласы, Есіл ауданы, Өтпе жолы 77.

2023 жылғы ақша айналымы – 825 195 329 теңге. Төлеген салығы – 16 840 721 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет кездеспейді.

"Жас Алаш" мәліметінше, Кимді "Назарбаевтың әмияны" дейтін себебінің бірі – Қазақстанның ірі мыс өндірушісі Нұрсұлтан Назарбаев құрған коммерциялық емес ұйымдарға тұрақты демеуші болып келген.

Мысалы, 2018-2022 жылдар аралығында аталған компания оның қорына 79,4 млрд теңге аударған. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар