Назарбаев Путинмен кездесуінде Еуразиялық одаққа қолдау көрсететінін айтты

Dalanews 11 нау. 2020 03:16 815

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Жүздесуде екі елдің Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы серіктестігі мәселесін қозғады, – деп хабарлайды тұңғыш президент сайты.

Өз кезегінде Назарбаев Ресей Қазақстанның барлық сала бойынша сенімді серіктесі екенін атап өтті.

– Интегрециялық бірлестік жұмыс істеп жатыр әрі мүмкіндігі мол деп есептеймін. Құрметті төрағасы ретінде оның алдағы уақытта дамуына қолдау көрсетемін, – деді  Назарбаев.


Бұдан бөлек, Назарбаев пен Путин ғылым және білім саласындағы әріптестік мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Мәскеуде Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне барады.

​Соңғы бес жыл ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге 16 рет барды. Өткен жылдың желтоқсанында Назарбаев ЕАЭО Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің құрметті төрағасы ретінде Санкт-Петербургте өткен ЕАЭО саммитіне қатысты. Сондай-ақ, Елбасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуінде болды.

Өткен аптада, 7 наурызда Назарбаев Путинмен телефон арқылы сөйлескен болатын. Тараптар екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде Сирия мәселесі бойынша өткен Ресей-Түркия келіссөздерінің қорытындысы бойынша пікір алмасты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар