Назарбаев менің атымды атамауға тапсырма берген. Тоқаев бұл "бұйрықты" бұзды – Шаханов

Dalanews 13 мау. 2022 13:14 896

Осыдан үш жыл бұрын экс-президент Назарбаев билікті Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстады. Сол жылы әйгілі ақын Мұхтар Шаханов Тоқаевқа байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Қаһарман ақын Президенттің қайраткерлік қырына тоқталып, Қасым-Жомарт Кемелұлына жоғары баға берген еді.

 ...

Нұрсұлтан Назарбаев билік басына келгелі бері, Қазақстандағы демократия түгелдей «жемократияға», депутаттардың көпшілігі «жепутатқа» және қазақ тілін тебетін «тепутатқа» айналып кетті.

Рас, билік басына Тоқаев Назарбаевтың қолдауымен келді. Ол ащы шындық...

Ғаламторда бірнеше жүз адам мені «есі ауысқан», «алжыған» дей келіп, санасыз есекке, тек тамақ үшін ғана егесіне еркелейтін мысыққа теңепті.

Менің 1988 жылы, сонау Кеңестер Одағы кезінде «Ислам дінінің қалдығы» деген атпен қоғамдық, мемлекеттік деңгейде талқылауға тыйым салынған Наурыз мерекесін, сол кезгі Қазақстан басшысы Г.Колбинмен жағаласып жүріп тірілткенімді, елімізде орыстың тілі мемлекеттік тіл боп қабылданып кеткенде, шалақазақ депутаттардың бәрі «тамаша болды» деп бір-бірімен құшақтаса, қуанысып жатқан тұста, мінбеге қайта шығып, «Бүкіл қазақ халқын көтереміз, мұның соңы екінші Желтоқсанға ұласады» деп қорқытқанымда, амалы таусылып, үрей құшағында қалған Назарбаев менің ұсынысымды қайта дауысқа салдырып, өзі бірінші боп қол көтерді.

Сөйтіп, елімізде менің жындылығымның арқасында қазақ тілі Мемлекеттік тіл атанғанын, сол кездегі ересек адамдар білгенімен, қазіргі жастардың білмейтіні айқын.


Ал 2009 жылы Н.Назарбаев Қазақстанды «Американдық ұлттың» төте жобасы «Қазақстандық ұлтқа» ендіріп қойған шақта, мен аштық жарияладым.

Мені қолдап 4 мың адам бірге жататын болды. Бүкіл Қазақстан көтеріліп кетті. Аз күннен соң Алматының Республика алаңында 25 мыңдай жиналған халықтың алдында Н.Назарбаевтың беделін бес тиын құлдыратып, бүкіл елден кешірім сұрауға мәжбүрледім. Мұны да қазіргі жастарымыз мүлде білмейді...

Енді Қасым-Жомарт Тоқаевқа тоқталалық. Оның әкесі Кемел Тоқаев елдік, ұлттық мүддеге тамыр жіберген, қалың елдің құрметіне бөленген белгілі қаламгер еді.

Менің шығармашылығыма да ерекше құрметпен қарайтын. Тіпті бірнеше өлеңдерімді жатқа айтатын.

Минимум 50 мың теңге келеді


Мен Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып 10 жыл қызмет еттім. Сол кездегі саясатқа байланысты орысша оқып, орысша ойлаған, маған жиі келіп тұратын Қасым-Жомартты қазақ тіліне қарай бұрған мен едім...

2015 жылы Қытай Халық Республикасының Шаңқай қаласында 150 мемлекеттің өкілдері қатысқан үлкен жиында және онда өткен конкурста, әлемнің барлық басты тілдеріне аударылған Шыңғыс Айтматов екеуміз бірлесіп жазған «Ғасыр айрығындағы сырласу» («Құз басындағы аңшының зары») атты кітабымыз «ХХІ ғасырдың ең озық, парасатты кітабы» деп бағаланды.

Бірақ, ол туралы Қазақстанның бірде-бір басылымы, телеарнасы жұмған аузын ашқан жоқ.

Себебі Н.Назарбаев баспасөздерде, телеарналарда менің атымды атамауға тапсырма беріп қойған.

Осы кезеңде Қазақстан Республикасының Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қана Назарбаевтан сескенбей құттықтау Жеделхат жіберді.


Маған Ислам әлемінің ең жоғарғы сыйлығын Мұсылман президенттерінің атынан Пәкістан Ислам Республикасының президенті Мамнун Хусейн тапсырғанда да, «Түркітілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атағы берілген шақта да, тек Тоқаевтан ғана құттықтау Жеделхат алып тұрдым.

Кезінде менің «Өркениеттің адасуы» «Жазагер жады космоформуласы» («Шыңғысханның пенделік құпиясы») атты романдарымды ЮНЕСКО «Әлемдік поэзияның осы замандық биігі» деп танығанын да Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстанның бірде-бір баспасөзі жазған жоқ, бірде-бірі телеарна көрсеткен жоқ.

Мұндай әділетсіздікке мен әбден үйренгенмін.

...

Тағы бір масқара жағдайға назарларыңызды бұрайын. Бұрын «Мұхтар Шаханов» атынан әртүрлі әлеуметтік желілерде 52 адам парақша ашып алған еді. Бұл күнде сондай алаяқтар мүлде көбейіп кетіпті. Қазір «Мұхтар Шаханов» атынан 100-ден астам парақша ашылыпты.

Кейбір парақшаларда тіркелушілер мен жазылушыларды мүлде көбейтіп, оларды сатып, ақша жасап отырған. Осындай арандатушылық тоқталмаса, менің қорғаушыларым әлгіндей алаяқтарды сотқа беруге әзірленіп отыр...

...

Елбасы Н.Назарбаев мынадай мәлімдеме жасаған еді: «Егер біреу орысша сөйлесе, оған қазақша жауап қайырсаң, табан астында қызметтен кетесің және жауапқа тартыласың!»

Елбасының бұл сөзі телеарна арқылы, ұмытпасам, екі рет берілді.

Әртүрлі ұйымдар, зиялылар және Парламент мүшелері қатысқан үлкен жиындағы телеарна арқылы берілген сөзімде:

«Осындай дөрекі пікірі үшін Назарбаев бүкіл қазақ халқынан кешірім сұрауы керек» дегенмін.


Қасым-Жомарт Тоқаев билік басына тікелей Н.Назарбаевтың қолдауымен келсе де, ол бірнеше рет Елбасының ұстанымдарына қарсы шығып, дара мінез көрсетті.

  1. «Ең басты тіл – қазақ тілі болуы керек. Үш тұғырлы, төрт тұғырлы, бес тұғырлы тілдерге нүкте қоюымыз қажет» деді.

  2. Ресей Президенті В.Путин «Алматы облысына Атом электр станциясын салуымыз керек» деп тапсырма бергенде Қ.Тоқаев бұған қарсы мінез көрсетіп, «Бүкіл Қазақстан көтеріліп кетуі мүмкін» деген ойдың төңірегінде мәлімдеме жасады. Ресей басшысы амалсыздан Атом электр станциясын Өзбекстан мемлекетінің жеріне ауыстыруға мәжбүр болды.


Атыма қаншама былапыт сөздер айтылса да, мен Қасым-Жомарт Тоқаевты осындай азаматтығы үшін қолдадым.

7 маусым, 2019 жыл




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар