Назарбаев айтып еді...

Dalanews 05 ақп. 2018 04:46 725

Руза Бейсенбайтегіні Керекудегі азды-көпті атқамінер, орыстанған қауым мен олардың ұрпағы ұнатпайды әсте. Қыл аяғы осындағы ұлтшыл азаматтардың өзі Рузадан іргесін аулақ салып, алыстан араласуға тырысатынын да білеміз.

Себебі, тілге келгенде дәл Руза сияқты табандылық таныта алмайды олар. Жанында жүре алмайды. Содан шығар Руза жалғыз. Керекудегі тіл үшін шын күресіп жүрген адам бір болса, ол – Руза. Біздің сайт бұл туралы талай мәрте жазды. Рузаның тіл майданындағы күресте қандай тәуекелдерге барғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. 

Бұл жолы Қамшы сайтына сұхбат берген Руза "тіл майданында жеңіске жету үшін бізде екі жол ғана бар" деген пікір білдіріпті. Тіл тақырыбы қаны сорғалап тұрған мәселенің бірі болғандықтан да сұхбатты көшіріп бастық. Ықшамдадық. Сонымен Руза не дейді? 

Біз кімбіз?


Тілді тұғырға қондыру үшін бізде екі жол бар. Жеңіл жолы – билікке мемлекет тірегін ұстап тұратын, ұлтының өшпеуін, керісінше, өсіп өнуін тілейтін жан келуі керек. Ал ауыры – халық санасы жаппай оянып, ұлттық санамыз өсуі керек. Ол үшін талай жыл қажет. Белсенділер халықтың санасын ояту мақсатында насихат жұмыстарын жүргізгені абзал. Бірақ бұл процестерге биліктің кедергі келтіретіні сөзсіз.

Менің ойымша, советтік ұлт синдромынан арыла алмай жүрген, өзін, ұлтын кем көретін, әлі күнге көршіге жалтақтап отырған шенеуніктер мемлекекеттің тілдің қас жауы. 
Былтыр мамырда президентіміз: «Орысша сұраққа қазақша жауап беретіндер жауапқа тартылады», - деді.

Сол сөзден кейін тілдік ахуал ушығып кетті. Орыстар: «Вы видите, что я русская. Не смейте говорить на своем языке. Сам президент Назарбаев сказал», - десе, үндей алмайтын болдық.

Мемлекеттік тілін қай ел басындырып қоюшы еді? 
Конституция бойынша, орысша тіліндегі сұраққа қазақ тілінде жауап беру заң бұзушылыққа жатпайды.

Қалыптасқан жағдайға көне берсек, құлдан не айырмамыз қалады? Солтүстік өңірге әбден ұлтсызданған, өз тілін түсінбейтін, соған өршелене қарсы тұратын мәңгүрттер жиналған.

Тіл майданында жүргеніме 13 болды  


Мемлекеттік тіліммен өмір сүру үрдісіне 2005 жылы аяқ бастым, енді кері шегінерге жол жоқ. Әрине, елімізде 100 пайыз қазақша қоғам құру мүмкін емес. Сондықтан түсінгенге иіліп, түсінбегендерді жөнге салып келе жатқан арпалыс өмір менікі.

Кез келген жиында орысша сайраған қазақты көрсем болғаны, «қашан өз-өзімізді ұлт ретінде сыйлап, өз тілімізде өмір сүреміз?», - деп сұраудан жалықпаймын.  
Өз жерімдегі жиын-тойларда қазақша әндерді сұраймын деп бәлеге қалған кезім де көп.

Ал отбасыма келсек, басқа аналарға тән сезім менде де бар. Бірақ отбасыма кесірі тиеді екен деп қол қусырып отыру ойымда жоқ. Бұл жолдан бас тартқаным «болашақта ұрпағымыз мемлекетсіз, әркімнің есігіне қарап өмір сүрсін» дегеніммен тең ғой. 

Бақауов...


 Кереку деген атауды әкім-қаралар маңына да жолатпайды. Қанша арызданғаныммен, нәтижесіз болып отыр. Әрине, Руза Бейсенбайтегінің мәселесінен де өзге қиындықтар жетіп артылады емес пе?!
12 жыл бойы 6,5 келі хат жаздым, түк шықпады.

 Мемлекеттік тілдің аяққа тапталғаны үшін трамвай жолын бөгегенім бар еді бір кездері. Сол жағдайдан кейін телефонымның ар жағынан бөтен дыбыстар еститін болдым. Менің кіммен сөйлескенімнің бәрі тыңдалып жүріпті

Біз жақта көпшілік қазақша сөйлеген адамды террорист ретінде қабылдайды, жергілікті биліктің қазақ тілін білмегені былай тұрсын, халқынан оны құрметтеуін де сұрамайды.
Павлодар облысының бұрынғы әкімінің орынбасары Рысты Жұмабекованың кезінде «қазақ тілі деп ауыздарыңды ашушы болмаңдар», - деген саясат қалыптасқан.

Содан бері халық арасында да, билік арасында да орыс тілінің мерейі үстем. Мұндай қалыптасқан жүйеде облыс әкімін сотқа беріп, жеңіп шығу мүмкін емес.
Тіл үшін күресу – мен үшін жұмысым емес, өмірім.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар