Біз инвестордың алдында иілеміз. Олардың мұң-мұқтажын тыңдаймыз. Солардан пайда болса, Қазақстан осы 25 жылда гүлденіп, түрленіп кетер еді ғой? Өйтпеді. Өзгерген жоқ. Өзгермейтін де шығар.
Сендер бізді қай уақытқа дейін тонайтындарың белгісіз. Таусылғанша, түгесілгенше. Сол кезге дейін Қазақстан сендер үшін тартымды болмақ. Машкевич, Ибрагимов, Шодиев, Ким. Тағы кім бар? Тізім таусылмайды.
Жекелей алғанда сіз «олар бізге не жазды?» деуіңіз мүмкін. Ештеңе. Бізді танымайды да, керек десеңіз. Елемейді де. Біз және олар екі бөлек өмірдің және екі бөлек тұрмыстың өкіліміз. Сонда да олар сондай сүйкімсіз.
Миығынан күліп отырған Машкевичті көргенде оның бір саусағын бүгіп отырғанын сезесің. Ол саған ешқашан да жақсылық ойламайтынын және ешқашан да ойламағанын миығынан күлген күлкісіне қарап-ақ білуге болады. Олар өте алыста, бізден.
Олар өздерін «отандық өндірушіміз» дейді. Бірақ, біз олардың қалай, қандай жолмен байығанын ішіміз сезеді.
90-шы жылдағы Қазақстан талан-таражға түскен ел-тұғын. Қазақстан үлкен қазан еді. Қазаннан қақпақ кеткен еді. Қазанның қақпағы әлі де ашық...
Біз ештеңеден дәмеленбейбіз. Бізге осылай өмір сүруге жазған. Қазан бізден биік тұрғандардың қолында. Қашан да солай...
Митталдың бір кезгі жан серігі, жақын әріптесі Джоханес Ситардың айтуынша, 1995 жылы Қарағанды металлургиялық комбинатын сатып алу үшін Миттал Қазақстан билігіне 100 млн доллар «сыйақы» берген-мыс.
Бүгінгі кейіпкер – Миттал.
Ол қалай байыды?
Білесіз бе, оның өмір жолын үлгі ететін кітаптар бар. «Миллиардер болғың келсе, Митталдай бол» дейді.
Бүгінгі миллиардер деген, бұрынғының мешкейі емес пе? Миттал қанша миллиардер болса да, ол оған аз.
Ол кім?
Ол әлемдегі ең бай дегендердің бірі. 2011 жылғы «Форбс» журналының тізімінде ол 6-шы орында тұрған. Әлемдегі ең ықпалды 50 адамның қатарына кіреді. Оның металлургиялық империясы 30 елдегі кәсіпорынға қожалық етеді. Оған әлемдік болат өндірісінің 10 пайызы тиесілі. Ол әлемдегі болат өндіретін ең ірі «Арселор Миттал» компаниясының қожасы.
Миттал Қазақстанға 1995 жылы келді. 1995 жылы ол Қазақстан Үкіметінен Теміртаудағы Қарағанды металлургиялық комбинатын сатып алды.
Осы комбинатқа қатысты Миттал ылғи да былай деп мақтанғанға ұқсайды: «Бұл комбинат 60-шы жылдардың техникасымен азып-тозып тұрған. Мен келдім де, оған 500 млн доллар құйдым. Бүгін бұл комбинат жылына 6,6 млн тонна шойын шығарады. Табыс әкеліп отыр».
Оған табыс әкеліп отыр. Әсте, бізге емес.
Ол адамдардың әлсіз жерін жақсы біледі. Ақша. Барлығын ақшамен шешуге боларына баяғыда-ақ көзі жеткен. Тәжірибе жүзінде.
Ол аймақтық емес, жаһандық деңгейдегі коррупцияға қатысы бар адам. 2002 жылы Ұлыбританияда осы Митталға қатысты үлкен дау туды. Лакшми «билеуші партияның» төбе басындағыларын сатып алмақ болған. Сатып та алған. Ол Лейбористік партияның дауыс беру науқанына 125 мың фунт стерлинг «көмек» беріпті. Мұншама мол көмекке алғыс ретінде лейбористердің көсемі, әрі сол кезгі ағылшын премьері Тони Блэр (айтпақшы, бұл кісінің де Қазақстанға қатысы бар) Митталдың Румыниядағы Sidex комбинатын қолына алуына лобби жасаған. Істі Митталдың пайдасына шешу үшін Блэр Румынияның премьер-министрі Адриан Нэстасеге қолқа салған.
Бұл оның басындағы жалғыз коррупция деп ойлайсыз ба? Индонезия, Тринидад және Тобаго елдеріндегі металлургиялық кәсіпорындар да үнділік магнаттың қол астына параның арқасында өткен. Мынадай дерек бар.
Митталдың бір кезгі жан серігі, жақын әріптесі Джоханес Ситардың айтуынша, 1995 жылы Қарағанды металлургиялық комбинатын сатып алу үшін Миттал Қазақстан билігіне 100 млн доллар «сыйақы» берген-мыс.
Назарға алар тұс:
Миттал белгілі бір елдің билік басындағы ықпалдыларының ешбірін танымайтын болса, ендеше ол елден кәсіпорын да сатып алмайды екен... Бүтін бір мемлекетке тиесілі алпауыт зауытты өз күшімен қолына қарата алмасын біледі, өйткені. Осы себепті бұған ықпал ететін біреуді іздейді. Бұл үшін әлгі біреу биліктің төбе басында отыруы тиіс.
Польшадағы ірі зауыттарды сатып алуда Митталға аталған елдің экс-экономика вице-министрі Анджей Шараварски көмектескен.
Ол ешқашан тоймайды. Митталдың өзі айтатындай: «біз ешқашан да өз-өзімізге: осымен болдық-толдық деп айта алмаймыз». Демек, қанша зауыт сатып алсам да, маған бәрібір аз дегені. Ол тек қана өз қалтасын ойлайтын адам. Онысын ешқашан жасырған емес.
Ол өте сараң. Оған қарасты «Арселор Миттал Теміртау» металлургиялық кәсіпорнының жұмысшылары Митталдың «тәжірибелерінен» талай таяқ жеді. Осыдан шамамен 10 жыл бұрын Лакшми «Арселор Миттал Теміртаудың» металлургтері мен шахтерлеріне мынадай «сый» жасайды. Миттал зауыт жұмысшыларының барлығын «кәсіпорынның ортақ иесіне» айналдырады. Осы мақсатта 347 миллион акцияны басып шығарып, оның 712 мыңы ұжымның арасында үлестіріледі. Миттал мұны өзінше «он үшінші айлық» деп атапты. Айлығы қанша десеңіз, жыл соңында әрбір жұмысшыға...100 теңгеден «бұйырған». Ол кездері бұл ақша бір темекенің құны еді. Қазір ше?
Оның осы уақытқа дейін Қазақстанға қанша инвестиция құйғаны белгісіз. Әйтеуір Мемлекет басшысы Назарбаевтың қабылдауында болғанда былай дегенін естігенбіз:
– Соңғы 4 жыл бойы «Арселор Миттал Теміртау» өсіп келеді. Жыл сайын біз 350-400 млн инвестиция құюдамыз, – деген-тұғын Миттал.
Мұндай инвестициялардың қалай және қайдан келетінін саясаткер, қазір АҚШ-та тұратын Ғалымжан Жақиянов айтып кеткен еді.
– Қаржыны сырттан әкеліп, экономикамызға құйған инвесторды көрген емеспін. Барлығы да өз есебімізден. Айталық, «көмір кенішіне 20 млн доллар бөлінді» деп статистика мәліметтерін береді. Бірақ, ол ақша не көмірдің өзін сатып тапқан, не банктерден несиеге алынған. Ол несиені де қайтару үшін кейін көмір сатып, орнын толтырады. Сонда қарасаңыз, қайта айналып, бәрі де өз есебімізден, өз қазба-байлығымыздан түскен ақшадан шығады екен. Бұл – «инвестициялары». Былайша айтқанда, «өз тонымызды» өзімізге, тек теріс айналдырып, қымбатқа сатқанмен бірдей, – дейді Ғалымжан.
Митталдың айтып отырғаны да осы «өз инвестициямыз» емес пе?
Ендеше мұндай инвестордан бізге не пайда? Мемлекетіміз үшін мұндай саясат не береді?
Митталдың өзі айтатындай: «біз ешқашан да өз-өзімізге: осымен болдық-толдық деп айта алмаймыз». Демек, қанша зауыт сатып алсам да, маған бәрібір аз дегені. Ол тек қана өз қалтасын ойлайтын адам. Онысын ешқашан жасырған емес.
Тағы бір тоқталатын тұс
«Арселор Миттал Теміртау» жалғыз болат өндірісімен шектеліп отырған жоқ. Компания бұдан тыс Қарағандыдағы 8 көмір шахтасына және Орталық Қазақстан мен Солтүстік Қазақстандағы 4 темір рудасына иелік етеді.
Митталдың Қазақстандағы филиалына қатысты өз ойлағаны бар. Ол – қысқарту. Бұл Миттал үшін жұмысшыларға ақшаны аз төлеудің ең тиімді амалы.
Ол бұл әдісті Қазақстанда ғана емес, өзіне қарасты бүкіл компаниялардың барлығында қолданып келеді. 1996 жылы ол ирландиялық Irish Steel меткомбинатының 600 адамын жұмыстан шығарып жіберді. Мittal Steel Poland комбинатының жөндеу жұмыстарына жұмсалатын шығынды 25 пайызға қысқартқандықтан Польшаның металлургия тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен апат болды. 270 тонна шойын жерге төгілді.
Күні кеше ғана «Арселор Миттал Теміртау» бас директоры Виджай Пахадевана теңгені құлдырауы жұмысшылардың айлық ақысын 25 пайызға қысқартуға тек аз ғана уақытқа тежеу болатынын өзінің әлеуметтік парақшасында жазыпты.
Жалақының қысқаруы уақыттың еншісіндегі дүние дегені бұл. Салыстырар болсақ, Қазақстандағы митталдық кәсіпорындардың жалақысы дәл сондай бағадағы өнім өндіретін ресейлік кәсіпорындармен салыстырғанда үш есе төмен екен. Сонда бізге мұндай инвестордан не пайда?
Думан БЫҚАЙ
Редакциядан: Материалды дайындау барысында Daily Telegraph, Eurasia Daily Monitor, Financial Times, Forbes, Guardian, Scotsman, Sunday Telegraph, Коммерсант, Контракты, Металлбюллетень. Украина, Солидарность, Эксперт, РБК сияқты ақпарат құралдарының мәліметтері пайдаланылды.