“Мұз қойып, ісігін бастым”. Марқұм Шерзаттың әкесі көпшілікті алаңдатқан сұраққа жауап берді

Қаракөз Амантай 17 қаз. 2024 10:45 26449

Марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов бет-әлпетіндегі жарақатқа байланысты желдей есіп жатқан алып-қашпа әңгіменің нүктесін қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жұрт Нұрымовтың әлеуметтік желідегі видео-суреттерінен көзінің көгеріп, мұрнының қисайғанын байқап, алаңдаушылық танытқан еді. Алайда күні кеше жәбірленушінің қарындасы Перизат Нұрманова жанжал уақытында ағасының көзіне бөтелке тигенін, ал мұрыны оқиғаға дейін қисайғанын атап өтті. Марқұм Шерзаттың әкесі де қарындасының сөзін қостап отыр. 

“Құрметті қазақ елі, бетімнің көгеруі қайғылы оқиғамен тікелей байланысты.  Дүкенде болған төбелес кезінде баламды арашалап жүргенде бірнеше соққы тиген еді. Сол уақытта мұрным мен көзімнен жарақат алдым. Қазір басылды. Мұз қойып, ісігін бастым”, - дейді ол.

Сонымен қатар #Шерзатүшін инстаграм парақшасы алаңдап жатқан барша оқырманға алғыс айта отырып, жаңсақ пікірге ермеуге шақырды.

“Бүкіл отбасы қазір күзетте және оларға қажетті қолдау көрсетіліп жатыр. Біз оларды қорғауға тырысамыз”, - дейді парақша әкімшісі.

Дереккөз мәліметінше, бетке жасалған кез келген соққыдан кейін ісік пайда болады.

“Біріншіден, салыстырмалы түрде тараған екі сурет әртүрлі жарықта, бұрышта және әртүрлі уақыт аралығында түсірілген. Беттегі көгерулердің пайда болу уақыты соққының күшіне, тамырлардың құрылысына, адамның жасы мен жалпы тері күйіне байланысты. Сол себепті арнайы сарапшылар бар. Олар жарақаттардың бар немесе жоқ екенін анықтап зерттейді”, - деп қосты дереккөз.

Осы тұста олар артық дүрбелеңге салынбай, сенімді ақпарат көздеріне назар аударуды сұрады.

“Кейбір адамдардың шығарған жалған ақпараты қоғамды шатастыруда. Сенімді әрі тексерілген дереккөздерге сенейік. Қазіргі кезде арнайы топ пен отбасы мүшелері тергеу жұмыстарымен айналысып, куәлік беріп жатыр. Уақыты келгенде міндетті түрде қажет ақпараттарды бөлісіп отырамыз. Қолдауларыңыз бен қамқорлықтарыңыз үшін көп рақмет!”, - деп қорытындылады парақша.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

Ал 15 қазанда Ішкі істер вице-министрі тағы үш күдіктіні ұстағанын мәлім етті.

Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.

Одан кейін Шерзаттың үйіне күзет қойылды.

Көп ұзамай марқұм Шерзаттың үйі өртенді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар