Мусин марқұм Lenovo-ның топ-менеджері туралы: Оны жақын тұтушы едім

Кәмшат Тілеухан 11 қаз. 2024 10:12 1538

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин күні кеше Алматы облысында өлі табылған Lenovo компаниясының Қазақстандағы GR директоры Ермек Жақыпжановпен таныс болғанын айтып, марқұмның туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ермек сондай ақкөңіл жігіт еді, кім көмек сұраса, соған қол ұшын созуға даяр тұратын. Өзіне пайдасы бар ма, жоқ па, ол жағы мүлде қызықтырмайтын. Кеше таңертең Әлішер Елікбаевтан оның жоғалып кеткенін біліп, содан жан-жақпен хабарласып отырдым. Аман табылса екен деген іштей тілек болды. Болған оқиғаның кейбір жайтынан қаныққан соң, жүрегім сыздап, көзіме жас үйірілді. Неге екенін, Денис Теннің өлімі көз алдыма келді. Біз өте жақын дос болдық деп айта алмаймын, бірақ Ермекті жалпы танитынмын, үнемі оған жылықабақ танытып, жақын тұтушы едім. Иманды болсын", деп жазды Мусин Telegram-дағы арнасында.

Сондай-ақ министр реформа ІІМ-де емес, адамдар санасында жүргізілуі тиіс деп ашынады.

"Мен бір нәрсені түсіндім, реформа ІІМ-де емес, адамдардың санасына қажет. Өкінішке қарай, бұл белгілі бір мемлекеттік органдағы механикалық өзгерістерді ғана емес, көптеген шеп бойынша жүйелі тектоникалық алға жылжуды қажет етеді…", делінген жазбада.

Айта кетсек,10 қазанда Іле ауданы Өтеген батыр ауылының шетінде зорлық-зомбылықпен өлтірілу белгілері бар 42 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Марқұмның бір күн бұрын Алматыда жоғалып кеткен Lenovo компаниясының Қазақстандағы, Тәжікстандағы және Түрікменстандағы мемлекеттік институттарымен жұмыс жөніндегі директоры Ермек Жақыпжанов екені белгілі болды. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар