Белгілі дәрігер, кезінде Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров секілді қайраткерлердің қасында жүрген Мүсілім Дайырбеков Ashyq podcast YouTube-арнасына берген сұхбатында 12 жыл неге түрмеде отырғанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Мүсілім Дайырбековтің артына түскен. Оның сөзінше, таққан айыптары Асқаровпен арадағы байланыс болған.
"Асқаровтың үйінде болады, Асқаровтың ағайыны, соның адамы, соны ұстасақ, біраз айыбын ашады" деген болуы керек. Асанбай Асқаров туралы көп сұрақтар берді, қинады. Мен негізінде ол туралы ештеңе білмеймін. Білсем де айтпас едім. Олар бірдеңе табамыз деді. Мен 5 жарым жыл отырдым. Кейін олар (істі - еск.) қайта қарады. Жоғары сот отырғызатындай ештеңе жасамағанымды көрді. Одан кейін өздері соттауға ұялды. Кейін Қырғызстанға беріп жіберді. Менің ісімді татар әйел қарады. Көп жыл отырғызғаннан кейін өздеріне сөз келмес үшін қырғызға бере салады. Қырғыздар тексерді, мені таза қылып шығарды. Бес-алты орденім бар еді, бәрін қайтарып берді, істеген қызметіме қайтарып әкеп қойды. Қайта бас дәрігер болдым", - деп әңгімеледі ол.
Асанбай Асқаров көрнекті мемлекет, саясат және қоғам қайраткері болған. Өз заманында Алматы, Жамбыл және Шымкент облыстары партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған.
Мүсілім Дайырбековтің ісіне 16 тергеуші тартылған екен, тіпті жетеуі Мәскеуден шақырылған. Кезінде ірі тұлғалардың көзін көрген дәрігердің сөзінше, қауіпсіздік комитеті мүшелері "Қонаевқа, Асқаровқа бәле жап, тағылған айыпты алып тастаймыз" деп қорқытқан.
"Оны бірнеше рет айтты. Бекежановты да айтты. Бекежановпен қарым-қатынасым болды. Ол таза жігіт, өте жақын қатынаста болмасам да азамат екенін білемін. Шынында ештеңе білмейтінмін. Көп сұрағаны - Қонаев пен Асқаров туралы. "Соларды ұстау үшін бірдеңе тауып бер" дейді. Одан кейін олар маған ашуланды. Мені 12 жылға соттады. Мәскеуде отырдым. Баяғы анау қазақтың зиялыларын атқан түрме бар ғой. Лефортово дейді. Басқа ұлттар түрмесінде де отырдым. Өлсем өліп кетейін, бірақ еркек болып өлейін деген - өзімнің мінезім. Мен жауымды да сатқан жоқпын. Иттік жасағандар болды. Бір адамды жамандаған жоқпын. Ашуланғаны сонша 12 жыл берді. Одан кейін қайта жаздым, қайта тексерді. Мәскеудің өзі қайта тексеріп, өздері білді. Қырғыздан таза болып шықтым", - дейді ол.
Оның бұл ісіне Қонаев жылы қабақ танытып, ерекше риза болыпты.
"Димекең "сенің кім туралы, не туралы айтқаның, мен туралы қалай жауап бергенің, Асқаров туралы қандай сұрақтар бергені - барлығын білемін" деді. "Еркекше жауап беріпсің, қатты риза болдым. Бірақ жігіттердің көбі бір сөзге келмей сынып қалды. Сен ондайға барған жоқсың" деді. Көбі бір-бірін сатқан, - деді Дайырбеков.
Сондай-ақ, Назарбаев пен Қонаевтың арақатынасы туралы да әңгімеледі.
"Қасында өзінің баласындай болып жүрді. Бұрылып кететінін білген жоқ, Димекең үлкен сеніммен қарады. Бірақ сенімін ақтады ма, ақтамады ма, ел біледі", - деп қысқа қайырды ол бұл жөнінде.
Мүсілім Дайырбеков орталық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары, қалалық стоматологиялық емхананың бас дәрігері қызметтерін атқарған. Қонаевтың көзіне түскен ол біраз жылға сотталып кетсе де кейін бұл жердегі қызметтерін қайтарып алған.