Қонаев қаласының Мәдениет үйінде жаңа Конституция жобасы мен 15 наурызға жоспарланған республикалық референдумға арналған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің кездесуі өтті. Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Жиынға Мәжіліс депутаттары Мақсат Толықбай, Жанарбек Әшімжанов, Сергей Пономарев және қоғамдық институттар, әлеуметтік қолдау саласының өкілдері, білім беру саласының мамандары, жастар ұйымдары мен өңір белсенділері қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Отырыс барысында Аида Балаева ұсынылған жаңа Конституция жобасының басты өзегі – азаматтардың мүддесін қорғау және елдің ұзақмерзімді тұрақты дамуы екенін атап өтті. Құжатта мемлекеттің бағыты, қоғамның қандай құндылықтарға сүйеніп дамитыны және билік пен халық арасындағы қатынастың жаңа деңгейі айқын көрініс тапқан.
«Ең алдымен, Жаңа Конституцияның Преамбуласына тоқталғым келеді. Онда адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің ең жоғары басымдығы ретінде айқын белгіленіп отыр. Бұл – мемлекеттік саясаттың философиясын түбегейлі өзгертетін қағидат. Яғни мемлекет енді азамат үшін, азаматтың қадір-қасиеті үшін қызмет етуі тиіс деген ұстаным заңның өзегіне айналып отыр. Сонымен қатар бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің берік іргетасы ретінде бекітілген. Алматы облысы секілді көпэтносты, көпконфессиялы өңір үшін бұл нормалардың маңызы айрықша», – деді ол.
Жобаны дайындау барысы мен негізгі институционалдық өзгерістер туралы толық ақпаратты Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев баяндады. Оның айтуынша, жұмыс кезең-кезеңімен және ашық форматта жүргізілді, ал ұсынылған түзетулер жүйенің тиімділігі мен саяси жауапкершілікті арттыруға бағытталады.

«Уақыт өзгеріп жатыр, сондықтан жаңа Конституция да қажет болды. Жұмыс өткен жылдың қыркүйегінде басталып кетті. Бұл процесс «асығыс әрі жабық түрде өтті» деу шындыққа жанаспайды. Қарашадан бастап парламенттік комиссия жұмыс істеді, кейін конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12 отырысы өтті. Жалпы 130 адам – белгілі заңгер-ғалымдар, депутаттар, фракция жетекшілері мен сарапшылар қатысты. Барлығы ашық түрде өтті», – деді депутат.

Ата заңды жаңартуда адами капитал мен жастар саясатының маңызын Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай айқындап берді. Ол Конституция азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететінін және заман талабына сай болуы тиіс екенін айтты.
«Конституция – әрқайсымыздың өмірімізге тікелей ықпал ететін басты құжат. Маңызды мәселелерді халық референдум арқылы шешуі қажет. 1995 жылғы Конституциядағы кейбір нормалар бүгінгі талаптарға сай емес. Білім, ғылым және инновациялар Преамбулада негізгі құндылық ретінде белгіленуі бекер емес. Бізге жастардың интеллектуалдық әлеуетін ашу маңызды», – деді Мақсат Толықбай.

Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов сөз сөйлеп, жобаны мұқият зерделеу қажеттігін атап өтті. «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова жаңа құжаттағы отбасы құндылықтарына тоқталды. «Қазақстан халқына» ҚҚ төрағасы Ләззат Шыңғысбаева құжаттың әлеуметтік бағытын сөз етті. Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілепов білім мен ғылымның рөліне ерекше назар аударды.

Кездесу соңында қатысушылар республикалық референдумға белсенді қатысу – елді жаңғырту мен интеллектуалдық әлеуетті нығайтудың маңызды қадамы екенін атап өтті.
