Мұнай арзандаса, теңгеге қысым күшейе ме? Сарапшы ел экономикасына төнуі мүмкін тәуекелдерді атады

Қаракөз Амантай 17 ақп. 2026 10:33

2026 жылы мұнай бағасы төмендеуі мүмкін. Себебі нарыққа қысым күшейіп келеді. Ірі мұнай өндіруші елдер мұнайды бұрынғыдан да көп шығара бастады, арзан венесуэлалық мұнай нарыққа қайта келді, ал АҚШ қор нарығында тәуекел күшейіп тұр. Тарихта мұндай жағдайлар көбіне қаржы дағдарысына ұласып, мұнай бағасының құлдырауына әкелген. Егер осы теріс сценарий жүзеге асса, бұл Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Бұл сұраққа Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеулинова жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан экспорты жылына шамамен 75–80 млрд доллар болса, соның 50–55%-ы мұнайға тиесілі. Демек, мұнай секторы елге жыл сайын 35–40 млрд доллар көлемінде табыс әкеледі. Ал мұнай бағасы орта есеппен 10%-ға төмендесе, экспорттық түсім жылына шамамен 3–4 млрд долларға қысқарады.

“Бұл сауда профицитіне, ағымдағы шотқа және ішкі нарықтағы валюта ұсынысына кері әсер етеді. Соның салдарынан теңгеге қысым күшейеді”, - дейді ол.

Сарапшының бағалауынша, мұнай баррелі 60 доллар шамасында болса, теңге салыстырмалы түрде тұрақты, бірақ әлсіреуі мүмкін. Баға 50 долларға түссе, жүйелі қысым басталады. Ал 45 доллардан төмендесе, қатаң макроэкономикалық шаралар қажет болады.

Дегенмен Қазақстанда белгілі бірқауіпсіздік жастығы” бар. Халықаралық резервтер мен Ұлттық қор активтері ел экономикасын қорғауға мүмкіндік береді.

“Қазіргі таңда сыртқы активтердің жалпы көлемі 80 млрд доллардан асады, оның ішінде Ұлттық қор қаражаты мен Ұлттық банктің шамамен 45 млрд доллар алтын-валюта резерві бар. Бұл көрсеткіш импортты 7 айдан астам уақыт қаржыландыруға жетеді, яғни халықаралық стандарттар бойынша жеткілікті деңгей саналады”, - деді ол.

Соған қарамастан, сарапшы артық үмітке бой алдырмауға шақырды. Егер мұнай бағасы уақытша емес, ұзақ мерзімге және айтарлықтай төмендесе, мысалы, 80 доллардан 60 долларға түссе, елдің валюталық түсімі ондаған пайызға қысқарады. Мұндай жағдайда ағымдағы шот нашарлап, бюджетке қысым күшейеді. Тұрақтылықты сақтау үшін резервтерді пайдалану немесе базалық мөлшерлемені көтеру қажет болуы мүмкін, ал бұл экономиканың баяулауына әкеледі.

Теріс болжам қаншалықты шынайы?

Сарапшының айтуынша, қоғамдық кеңістікте АҚШ қор нарығының “қызып кетуі” туралы пікірлер айтылып жүр. Тарихта мұндай деңгейлер 2000 жылғы дотком дағдарысы мен 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысының алдында байқалған. Алайда қазіргі жағдай 2008 жылмен толық сәйкес келмейді: банк жүйесіне қойылатын талаптар күшейген, қарыз құрылымы өзгерген, орталық банктердің рөлі артқан. Сондықтан терең дағдарыс ықтималдығы бар болғанымен, ауқымды “апат” негізгі сценарий емес.

Венесуэлалық мұнайға келсек, оның өндірісі инфрақұрылымдық шектеулерге байланысты шектеулі. Ал мұнай бағасына әлдеқайда маңызды әсер ететін факторлар әлемдік өндірістің шамамен 40%-ын бақылайтын ОПЕК+ саясаты және жаһандық экономиканың баяулауы. Бұл факторлар мұнай бағасының айтарлықтай төмендеуіне әкелуі мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove