Мемлекет басшысының Қытайға мемлекеттік сапары аясында Қазақстанда серверлік жабдық өндірісін дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құжатқа «Qazaq Investment Company» ЖШС Қазақстанның Электрондық өнеркәсіп қауымдастығының қолдауымен және China Electronics Shenzhen Company компаниясымен қол қойды.

Жоба мемлекеттік органдар мен жеке секторда, сондай-ақ жасанды интеллектке арналған деректерді өңдеу орталықтарын салу кезінде пайдаланылатын серверлер өндірісінің технологияларын Қазақстанға трансферттеуді көздейді.
Жоба аясында серверлерге арналған аналық тақшаларды өндіретін SMT желісі іске қосылады.
Компанияның мәліметінше, Qazaq Investment Company бүгінде компьютерлер мен моноблоктарды, оның ішінде пластикалық корпустар мен қуат блоктарын шығаратын өндірістік қуатқа ие. Осылайша кәсіпорын компьютерлік техниканы жоғары деңгейде жергіліктендіріп өндіретін Қазақстандағы алғашқы өндіріс орны саналады.
Жаңа жоба іске асқаннан кейін өндірістің толық циклі елімізде жүзеге асырылады. Яғни корпус, қуат блогы және аналық тақша Қазақстанда шығарылып, бұл цифрландыру үшін маңызды бағыттағы технологиялық тәуелсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Жобаның өзектілігі елдегі есептеу қуатына сұраныстың артуымен, мемлекеттік және корпоративтік ақпараттық жүйелердің, бұлтты сервистердің, жасанды интеллект технологияларының дамуы және дата-орталықтардың белсенді салынуымен байланысты.
Жоспарланған өндіріс ішкі нарықты мемлекеттік органдарға, ұлттық компанияларға, байланыс операторларына, қаржы ұйымдары мен ірі өнеркәсіп кәсіпорындарына қажетті заманауи серверлік жабдықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тараптар қазақстандық мамандарды даярлау, инженерлік және өндірістік құзыреттерді дамыту, сондай-ақ шығарылатын өнім түрлерін кеңейту бағытында да бірлесіп жұмыс істейді.