АҚШ президенті Дональд Трамп инвестициялық менеджерлері белгілі бір компаниялардың акцияларын сатып алғаннан кейін көп ұзамай сол компаниялар туралы Truth Social әлеуметтік желісінде оң пікірлер жариялаған. Мұндай мәліметті CNN жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Телеарнаның мәліметінше, 2025 жылы Трамп кемінде 44 рет 21 компанияның акцияларын сатып алғаннан кейін бір апта ішінде олардың қызметі, басшылығы немесе өнімдері туралы оң жазбалар жариялаған.
Аталған компаниялардың қатарында Nvidia, Tesla, Apple, GE Aerospace, Eli Lilly, American Eagle және басқа да ірі корпорациялар бар.
CNN дерегінше, Ақ үй бұл айыптауларды жоққа шығарып, президенттің активтерін тәуелсіз қаржы менеджерлері басқаратынын және Трамптың инвестициялық мәмілелерге ықпал етпейтінін мәлімдеген.
Алайда журналистердің айтуынша, АҚШ-тың бұрынғы президенттерінің көпшілігінен айырмашылығы, Дональд Трамп өз активтерін «соқыр трастқа» (blind trust) өткізбеген. Сондықтан оның қандай компаниялардың акцияларына иелік ететінін білуі ықтимал.
Bloomberg мәліметінше, осы жайт Трамптың әлеуметтік желідегі жарияланымдары мен жеке қаржылық мүдделері арасындағы ықтимал байланыс туралы пікірталасты күшейткен.