Мұғалімдер жалақысын ұрлау — Антикор мән-жайды жария етті

Қаракөз Амантай 03 қаз. 2024 17:10 9150

Антикор білім беру саласында жымқыру фактілерінің алдын алу және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, биыл сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау барысында бюджет қаражатын жоспарлау және игеру кезеңдерінде педагогтердің еңбегіне ақы төлеу қорынан бюджет қаражатын жымқыру схемалары ашылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процестерін автоматтандырудың, бұзушылықтарды бақылау және алдын алу тетіктерінің, сондай-ақ ақпараттық жүйелердің біркелкі болмауына байланысты көптеген фактілер мүмкін болған.

Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою мақсатында Білім, Қаржы және Цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп Жол картасы іске асырылуда.

Кешенді жұмыс аясында бюджетті жоспарлау процесін цифрландыру үшін құқықтық жағдайлар жасалды.

Бірінші кезекте, "Бухгалтерлік операциялардың бірыңғай қоймасы" жобасы енгізілді, Ұлттық білім беру базасында мемлекеттік органдармен интеграцияланған "Педагог портфолиосы" электрондық модулі әзірленді.

Сондай-ақ сатып алынатын бухгалтерлік есеп жүйелеріне бірыңғай техникалық талаптар көзделген, тәуекелдерді басқару жүйелері және т.б. енгізілген.

Іске асырылған цифрлық шешімдердің арқасында өңірлік басқармалар мен білім бөлімдері ай сайын бухгалтерлік есеп және қазынашылық жүйелерінің есептерін салыстырып отырады.

Бұдан басқа, мемлекеттік аудит органдары тарапынан жалақыны көтерумен бірге дербес және банктік деректерді бұрмалаумен ұштасқан педагогтердің еңбекақы төлеу қорынан күдікті төлемдердің қашықтықтан мониторингі енгізілді.

Қазір әрбір төлем операциясы өзінің электронды ізін қалдырады, бұл жымқыруды аналитикалық жолмен анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар осы жылы Агенттіктің бастамасы бойынша бюджеттік процестерді автоматтандыруға, қазынашылық жүйесін білім беру ұйымдарының бухгалтерлік есеп жүйелерімен интеграциялауға, төлем құжаттарына қол қою кезінде биометрияны енгізуге бағытталған цифрлық шешімдер енгізілді.

Бұл шаралар қаражаттың жұмсалуына тиімді бақылау орнатуға мүмкіндік береді.

Егер жоба енгізілгенге дейін былтырғы істер бойынша Антикор анықтаған залал миллиардтаған сомамен (17,3 млрд) өлшенсе, биылғы жылы жымқыру айтарлықтай азайтылды (7,3 млн).

Қазіргі уақытта Агенттік білім беру мекемелерінің қызметкерлері арасында қаржылық бұзушылықтардың алдын алуға және профилактикаға бағытталған түсіндіру іс-шараларын жүргізуде.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар