Металдарды кен түрінде экспорттауға тыйым салу керек - Мұхтар Жәкішев

Кәмшат Тілеухан 12 нау. 2025 11:57 267

"Қазатомөнеркәсіптің" бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев жер асты байлығын шикізат түрінде экспорттауға түбегейлі қарсы екенін мәлімдеп, кен түрлерін ел ішінде өңдеу дамуға серпін беретінін баса атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мұхтар Жәкішев өз сұқбатында Қазақстанның жаңа технологиялар өндірісі нарығына шикізат жеткізуде зор мүмкіндігі бар екенін айтады. Сондықтан ол жер асты байлығы, әсіресе сирек кездесетін металдарды кен түрінде экспорттауға тыйым салуды талап етеді. Оның орнына зауыттар салып, бұл металдарды өзімізде өндірсек, бірнеше есе пайдаға кеңелетінімізді жеткізеді.

"Электромобиль өндірісіне никель ауадай қажет. Қазіргі қолда бары халықаралық корпорацияларға жоспардағы көлем үшін жеткілікті. Бірақ алдағы бес жылға деген жоспарларда бұл шикізат түрі тапшы. Сондықтан бұл нарықта Қазақстанның алар өз орыны әрі үлкен мүмкіндігі бар. Негізінен, сирек кездесетін металдар топтасып, араласып бірге жүреді. Оны бір-бірінен ажыратып алу, әрине, күрделі технологиялық және ғылыми негіздемені қажет етеді. Өзге елдерден біздің артықшылығымыз да сол, ондай кен орындары бізде жетіп артылады. Сондықтан тәжірибе, зерттеу жүргізуде бізде мүмкіндік өте зор. Осыны пайдаланып, біз никельді ажыратып алу жолын таптық та. Онда да көмірсутегінсіз өндіруді. Ең бастысы, біз оны төмен бағада да шығынсыз өндіре алатын тәсілге сүйенеміз. Осы жағынан алғанда, біздің бәсекеге қабілеттілігіміз бұл ретте жоғары. Сондықтан зауыттар салсақ, жетіп жатыр. Оның түк қиындығы жоқ. Алайда  қазір оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Мысалы, мысты руда түрінде экспорттады делік. Ал онымен қанша металл ілесіп кетіп жатыр, ол жағы беймәлім. Мәселен, оның ішінде сирек кездесетін ренний металы барына сенімдімін, сол секілді алтын, күміс секілді бағалы металдар қоспасы болады. Осының барлығын экспортаушы сертификатта көрсетуі керек. Оны анықтау еш қиын емес, арнайы қондырғылар бар. Бірақ бізде олай етпейді. Шынтуайтына келгенде, руда түрінде шикізатты сатудан пайда жоқ. Тиын-тебен ғана. Тіпті, сол руда тасымалына, керісінше мемлекет дотация бөледі десе, оған мен еш таң қалмаймын", - дейді Мұхтар Жәкішев.

Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде "Қазақмыс" компаниясы сегіз кен орынын шетелдік инвесторға сатқалы жатқаны туралы сыбыс қылаң берген болатын. Тіпті, Парламент қабырғасында да бұл мәселе көтерілген-тұғын.  Өз кезегінде күні кеше сирек кездесетін металдар кен орнына бай отандық компания мұны жоққа шығарып, түсініктеме беруге мәжбүр болды.

"Қазақмыс" өз кен орындарын сатып жатқан жоқ, онда да ресейлік компанияларға берген жоқ, Қазақстаннан сирек кездесетін металдарды экспорттамады да". Осылай деп мәлімдеме жасаған "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-ның ресми өкілі Арман Тлеукенов өздерінің ақпараттық шабуылмен бетпе-бет келіп отырғандарын жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар