Актриса Меруерт Өтекешова әлеуметтік желідегі парақшасында «Қыз Жібек» фильмінде киген камзолы қайтадан өзіне табысталғанын айтып, әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өнер иесінің айтуынша, бұл киім өзі үшін жай ғана сахналық костюм емес, қазақ киносы тарихының және өз өмірінің ажырамас бөлігі.
«Бүгін жүрегім ризашылыққа толы… Арада қаншама жылдар өткен соң, «Қыз Жібек» фильмінде киген камзолым қайтадан өз қолыма тиді. Бір кезде ол мен сомдаған кейіпкердің ажырамас бөлшегі болса, бүгінде мен үшін өткен күндердің қымбат естелігіне айналды.
Оны қолыма алған сәтте түсірілім алаңындағы ұмытылмас күндер, бірге еңбек еткен ардақты жандар көз алдыма келді. Осы камзолмен қаншама естелік, қаншама ыстық сезім байланысты…», – деп жазды актриса.
Сондай-ақ Меруерт Өтекешова бұл ерекше сыйды жасаған Баян Мақсатқызына алғысын білдірді.
«Осындай баға жетпес сый жасаған Баян Мақсатқызына шын жүректен алғысымды білдіремін. Бұл мен үшін жай ғана сахналық киім емес, қазақ киносы тарихының және өз өмірімнің бір бөлшегі.
Баян Мақсатқызы, өнерге деген зор құрметіңіз және жүрегімде мәңгі сақталатын өткен күндермен қайта қауышуыма мүмкіндік бергеніңіз үшін сізге шын жүректен алғыс айтамын», – деді ол.