"Мен ресейлік теннисші емес, қазақстандық спортшымын" - Бублик

Көркем Алдабергенова 14 қаң. 2026 09:36

Қазақстан атынан өнер көрсететін теннисші Александр Бублик Елена Рыбакинаның спорттық жолы мен табысына қатысты ойын ортаға салды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол ресейлік журналистке берген сұхбатында Қазақстанның тенниске жасаған жағдайы екеуінің де жоғары деңгейге шығуына шешуші рөл атқарғанын айтты.

Бубликтің айтуынша, Рыбакинаның Қазақстан құрамасына қосылып, әлемдік аренадан орын алуы - елдегі спорттық жүйенің, инфрақұрылымның және жанкүйерлер қолдауының нәтижесі. Оның пікірінше, дәл осы орта Еленаға әлеуетін толық ашып, ірі жеңістерге жетуге мүмкіндік берген.

Сұхбат барысында Бублик өз жолы жайлы да тоқталып өтті. Ол Ресей спортына қатысты көзқарасын, жеке ұстанымдарын және Қазақстанды таңдауына не себеп болғанын түсіндірді.

Бұл әңгіме жарияланған соң әлеуметтік желіде кеңінен таралып, теннис жанкүйерлері арасында қызу пікірталас тудырды.

Еске салайық,қазақстандық Александр Бублик өткен аптада Гонконгте өткен ATP 250 санатындағы хард жабынды турнирде чемпион атанды. Бұл нәтиже оған британдық Джек Дрэйперді басып озып, әлемдік рейтингте 11-орыннан 10-орынға көтерілуге мүмкіндік берді.

Осылайша Бублик жеке рекордын жаңартты. Ол ATP рейтингінің топ-10 қатарына енген тұңғыш қазақстандық теннисші атанды. Бұған дейін 28 жастағы спортшы өзінің тарихи жетістігіне қатысты пікір білдірген болатын.

Әлемдік рейтингтің көшін испаниялық Карлос Алькарас бастап тұр. Ал алғашқы үштікте одан кейін италиялық Янник Синнер мен германиялық Александр Зверев орналасқан.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove