Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасында қазақ тіліне нақты әрі айрықша мәртебе берілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, құжатта Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі екені ешқандай екіұшты түсіндірмесіз, айқын бекітілген.
Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасының "Конституциялық құрылыс негіздері" деп аталатын 1-бөлімінің 9-бабының 1-тармағында мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі тікелей көрсетілгенін атап өтті.
“Бізде мемлекеттік тіл біреу. Ол - қазақ тілі. Басқа мемлекеттік жоқ”, - деді ол.
Сондай-ақ мемлекеттік кеңесші қазақ тілі өз тұғырында қала беретініне сенім білдірді.
“Ең бастысы мемлекетті сақтау керек, мемлекетті қорғау керек, ең бірінші, ел бірлігін ойлау керек, - деп түйіндеді ол.
