Сенат депутаты Руслан Рүстемов еліміздегі мектеп кітапханаларында қазақ тіліндегі балалар әдебиетінің айтарлықтай жетіспейтінін айтып, алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның мәліметінше, қазіргі таңда мектептердегі кітап қорындағы туындылардың небәрі 11,8 пайызы ғана қазақ тілінде.
“Жыл сайын жарық көретін балалар кітаптарының саны 30–40 дананы ғана құрайды. Оның өзі 1000–2000 дана көлемінде басылып шығады. Мұндай таралым бір ғана облыстың сұранысын да қамти алмайды”, – деді сенатор.
Рүстемов ауылдық жерлердегі жағдайдың тіптен күрделі екеніне тоқталды. Айтуынша, Қазақстандағы балалардың тек үштен бірі ғана өз еркімен кітап оқиды, ал көп жағдайда балалар кітапты тек сабақ үшін қолына алады.
“Біз балалардың әдебиетке деген қызығушылығын жоғалтып алып жатырмыз. Қазіргі заманға сай форматтағы кітаптар – анимациялық нұсқалар, инклюзивті мәтіндер – мүлде дамымай отыр”, – деді ол.
Сенатор оқырман ұрпақты тәрбиелеу үшін балалар әдебиетінің көлемін ғана емес, сапасын да арттырып, жаңа технологиялық тәсілдермен ұштастыру қажет екенін алға тартты.