Медицина саласында қай мамандар жоғары, ал қайсысы өте аз жалақы алады - статистика

Кәмшат Тілеухан 10 мау. 2025 12:50

Сарапшылар медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында олардың қанша жалақы алатынын есептеп, өз ішіндегі мамандықтармен салыстырып көрді. Ең жоғары жалақы кардиостимулятор орнатумен айналысатын маманға тиесілі болса, ал аз жалақыны паразитолог дәрігерлер алады екен. Одан да төменіне медбике және микробиолог сияқты қосымша бағыттағы мамандар жатқызылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2025 жылдың І-тоқсанында денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы номиналды орташа айлық 312,8 мың теңгені құрады, бұл - ел экономиканың орташа белгіленген жалақысы көлемінен 26,1%-ға төмен көрсетіш.

"Денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтер Қазақстандағы ең төмен жалақы төленетін салалардың бірі болып шықты. Бұл сала ең төмен жалақы алатын салалардың арасында бесінші орынға жайғасқан. Ал олардан да  төмен жалақы алатындар – ауыл шаруашылығы (248,9 мың теңге), өнер саласы (284,9 мың теңге), коммуналдық қызмет (286 мың теңге) және білім беру саласының кейбір бағытындағы (302,4 мың теңге) қызметкерлер. Денсаулық сақтау саласы екі жылдан астам уақыттан бері ең төмен жалақы алатын салалардың қатарына тұрақтанып тұр. Мәселен, 2021 жылы бұл сала тізімнің соңынан санағанда 10-орында тұрған еді", деп жазады Energyprom.kz.

Бұрынғы жылдардағыдай, номиналды жалақының ең жоғары көрсеткіші тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазу саласында (981,4 мың теңге), сондай-ақ ақпарат және байланыс (859,8 мың теңге) және қаржы мен сақтандыру қызметінде (855,5 мың теңге) тіркелген.

Сарапшылардың пікірінше, медицина саласының аталған рейтингте төменгі орынға қарай "құлдырауының" нақты себептері бар. Пандемия кезінде медицина қызметкерлерінің еңбекақысы жыл сайын 20-30%-ға көтеріліп отырды. Мұны 2020-2021 жылдардағы индекстердің күрт өсімінен байқауға болады. Алайда пандемияның суыт кезеңі аяқталған соң жалақы өсімінің қарқыны айтарлықтай бәсеңдеген. 

"Нақты жалақы индексіне қарасақ, дәл сол пандемия жылдары дәрігерлер мен әлеуметтік қызметкерлер жалақысының арқасында сатып алу қабілеті айқын артқанын сезе алды. Ал 2022 жылдан бастап медицина саласында еңбекақының сатып алу қабілетінің өсімі небәрі 2,3%-ға көтерілді немесе мүлдем төмендеп кетті (4,6%-ға дейін). Жалпы айтқанда, медицинада қызметкерлері байып кетеді деп айтатын салаға жатпайды", – деп түсіндіреді сарапшылар.

2019 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта номиналды жалақы 133,5 мың теңгеден 315,4 мың теңгеге дейін өскен, яғни 2,3 есеге артқан. Алайда инфляцияны есепке алсақ, медицина мамандары айтарлықтай жалақы өсімін сезінбеген.

Сарапшылар медицина қызметкерлерінің медиандық (ортаңғы мәні) және модалдық (жиі кездесетін мәні) жалақысын да мысалға келтірді.

"Бұл екі көрсеткіш те номиналды көрсеткіштен айтарлықтай ерекшеленеді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы медиандық жалақы соңғы бірнеше жылда 2,5 есе өсті. Былтыр медицина мен әлеуметтік қызмет көрсету салаларында медиандық жалақы 250,7 мың теңгені құраса, жалпы экономика бойынша бұл көрсеткіш 285,7 мың теңге болды. Ал медицина саласындағылардың  модалдық жалақысы, керісінше, экономикадағы орташа деңгейден екі есе жоғары, ал жалпы экономика бойынша ең төменгі 97,6 мың теңгеге қарсы 197,8 мың теңге түрінде де шамалы жоғары", делінген сараптамада.

 

2024 жылы кең таралған дәрігер мамандықтарының номиналды жалақысы мынадай деңгейде қалыптасты:

  • Терапевт – 460,2 мың теңге
  • Педиатр – 425,9 мың теңге
  • Хирург – 505,7 мың теңге
  • Кардиолог – 475 мың теңге.

Сондай-ақ сарапшылар медицина саласындағы ең жоғары және ең төмен жалақыға ие 10 мамандықты атады. Жоғары жалақы алатындардың қатарына сирек кездесетін, жоғары маманданған және медициналық университеттің дипломымен қатар қосымша біліктілікті қажет ететін мамандар енеді.

Өткен жылғы есепке сүйенсек, Қазақстандағы ең жоғары жалақы алатын медицина қызметкері интервенциялық аритмолог дәрігер болды (кардиостимулятор орнатумен айналысатын маман). Оның орташа жалақысы – 1,1 млн теңге. Екінші орында – эмбриолог, репродуктивті медицина орталықтарының зертхана мамандары. ЭКО орталықтарында бұл мамандар орташа есеппен айына 860,1 мың теңге алады. Үшінші орында – кардиохирургтар, олардың айлығы – 768,8 мың теңге.

Ең төмен жалақы алатын мамандар тізімінің басында паразитолог дәрігер (200 мың теңге) және еңбек гигиенасы дәрігері (210 мың теңге) тұр. Сондай-ақ жалақысы ең аз мамандықтар қатарына массажист, сот-медициналық сарапшысы, медбике және микробиолог сияқты қосымша бағыттағы мамандар жатқызылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар