Ақмола облысындағы балалар лагерінде алты бала тамақтан уланды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жыл бойы жұмыс істейтін балаларды сауықтыру лагерінде тағамнан болған топтық жұқпалы ауру тіркелген.
Зардап шеккен алты баланың төртеуі көпбейінді облыстық балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Қалған екі бала амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Барлығына қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Оқиға орнына санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары барған.
Қазіргі уақытта тағам өнімдерінен, судан, шайынды сынамалар алынып, лагерь қызметкерлері ішек инфекцияларын тасымалдаушылыққа тексерілуде.
Оқиғаның себептерін анықтау және эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр.