Жетісу облысында қызды бірнеше ай бойы аңдып, дүкенде пышақпен қоқан-лоқы көрсеткен ер адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жетісу облыстық сотының мәліметінше, Алакөл аудандық соты ер адамға қатысты қылмыстық жауаптылықтан босатып, жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеу шарасын қолдану туралы шешім шығарды.
Сот-психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, айыпталушы «параноидты шизофрения» дертіне шалдыққан. Сарапшылар оның қоғамдық қауіпті әрекеттерді жасаған кезде өз іс-әрекетінің мәнін және қауіптілігін түсіне алмағанын әрі әрекетін басқара алмағанын анықтаған.
Сот мәліметінше, ер адам бірнеше ай бойы жәбірленушінің еркіне қарамастан онымен байланыс орнатуға тырысып, «Мен сені сүйемін, менің әйелім бол» деген сөздер айтып, әлеуметтік желілер арқылы үнемі хабарлама жіберіп отырған. Бұл қыздың бойында қорқыныш пен мазасыздық туғызған.
Сонымен қатар, жергілікті дүкендердің бірінде ол жәбірленушіні балағаттап, ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Дүкендегі куәгердің ескертуінен кейін ер адам үйіне барып пышақ алып келген. Кейін дүкенге қайта оралып, куәгерге қарай пышақ сермеп, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.