"Бригада" сериалы мен "Бумер" фильміндегі рөлдері арқылы танылған актер Александр Высоковский Ока өзенінен өлі күйінде табылды. 62 жастағы өнер иесінің денесін іздеу жұмыстары басталғаннан кейін бір тәуліктен соң сүңгуірлер тапқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
LIFE мәліметінше, оқиғаға дейін Высоковский 17 жастағы ұлымен бірге Пущинская коса маңына балық аулауға барған. Бір сәтте екеуі екі жаққа кетіп қалған: актер жағалау бойымен әрі қарай жүріп, кейін қайтып оралмаған. Іздеу жұмыстары нәтиже бермеген соң, ұлы болған жағдайды туыстарына хабарлаған.
Іздеу операциясына құтқарушылар мен сүңгуірлер қатысқан. Олар өзеннің қиын әрі қолжетімсіз учаскелерін де тексерген.
Алдын ала мәлімет бойынша, Александр Высоковский суға батып кеткен болуы мүмкін. Қайғылы жағдайдың нақты себептері анықталып жатыр.