Сахнадан саясатқа: Мәжіліс мінберіне шыққан өнер қайраткерлері

Сахнадан саясатқа: Мәжіліс мінберіне шыққан өнер қайраткерлері
Фото: qazaquni.kz, wikipedia.org, egemen.kz

Қазақстанда өнер адамдарының саясатқа келуі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастау алды. Әншілер, актерлер, айтыскерлер мен мәдениет қайраткерлері әр жылдары халық қалаулысы атанып, шығармашылық жолдарын мемлекеттік қызметпен ұштастыруға ұмтылды. Бірі ондаған жыл депутат болып заң шығару ісіне араласса, енді бірі Парламентте қысқа уақыт қызмет етті. Dalanews.kz редакциясы сахнадан саясатқа келген танымал тұлғалардың бірқатарына шолу жасады.

Құдайберген Сұлтанбаев

Фото: instagram.com/kudaibergen_sultanbay

Бұл үрдістің көшінде “Тамаша” ойын-сауық театры арқылы миллиондардың ықыласына бөленген Қазақстанның халық әртісі, марқұм Құдайберген Сұлтанбаев тұр. Ол 1999-2004 жылдары II шақырылым Мәжілісінің депутаты болып сайланғанда, көпшілік үшін бұл тосын жаңалық еді. Алайда актер өзінің тума таланты мен тапқырлығын саясатта да көрсете білді. Құдайберген Сұлтанбаевтың депутаттық қызметіне байланысты ел жадында сақталған қызық естелік бар. Бір күні Парламент дәлізінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев актердің хал-жағдайын сұрағаннан кейін: “Парламентте өзіңнен басқа неше әртіс бар?” деп әзілдейді. Сонда Сұлтанбаев іле-шала: “Праламентте 130 әртіс бармыз, бірақ оның ішіндегі кәсіби әртісі - менмін” деп жауап берген екен. 

Бекболат Тілеухан 

Фото: qazaquni.kz

Өнерден саясатқа келген тұлғалардың ішінде әнші, термеші Бекболат Тілеуханның депутаттық өтілі ұзақ жылдарға жалғасты. Мемлекеттік қызметке келмес бұрын ол Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқытушы, доцент және кафедра меңгерушісі болды. Кейін Президент оркестрінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарып, 2001–2004 жылдары Мәдениет комитетінің төрағасы, одан соң Мәдениет министрінің вице-министрі лауазымында еңбек етті. 2004 жылы III шақырылым Мәжілісінің депутаты болып сайланған Бекболат Тілеухан кейін IV шақырылымда (2007–2011) және VI шақырылымда (2016–2021) да депутат болып, 17 жылға жуық Мәжіліс мінберінде жүрді. 2021 жылдың желтоқсанында депутаттық өкілеттігін өз өтінішімен тоқтатып, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының басшылық құрамындағы қызметіне ауысты. 

Нұрлан Өнербаев

Фото: wikipedia.org

“Ана туралы жыр” әнімен халықтың жүрегінен орын алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев та шығармашылықтан саясатқа келген тұлғалардың бірі. Ол еңбек жолын театр актері ретінде бастап, кейін эстрадаға бет бұрып, қазақ ән өнерінің танымал өкілдерінің біріне айналды. Мемлекеттік қызметте де тәжірибе жинаған өнер иесі әр жылдары “Хабар” агенттігінде, Қазақстан Президенті оркестрінде, сондай-ақ Алматы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. 2008 жылы IV шақырылым Мәжілісінің депутаты болып сайланып, мәдениет, ақпарат және әлеуметтік мәселелерге қатысты заң жобаларын қарауға қатысты. 2021 жылы VII шақырылым Мәжілісінің депутаты ретінде Парламентке қайта келді.

Нұрлан Әлімжанов

Фото: egemen.kz

Актер әрі әнші Нұрлан Әлімжанов 2019 жылдың қыркүйегінде VII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты ретінде ант қабылдады. Ол өнердегі жолын театр сахнасынан бастап, кейін кино мен эстрадада кеңінен танылды. Әлімжанов көпшілікке ең алдымен “Елбасы жолы” киноэпопеясында, сондай-ақ “Балалық шағымның аспаны” және “Тығырықтан жол тапқан” фильмдерінде Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағын сомдаған актер ретінде белгілі болды. Бұл рөлдер оған кең танымалдық әкеліп, 2013 жылы “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағын алуына да ықпал етті. 

Депутаттық мандат алғаннан кейін де шығармашылықтан қол үзбейтінін айтып, ән жазуды және театр сахнасындағы жұмысын жалғастыратынын мәлімдеген еді. Кейін Мәжілістегі қызметінен соң Астананың Мәдениет басқармасын басқарды. 

Аманжол Әлтай

Фото: baq.kz

Айтыскер ақын, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай да саясатта төбе көрсетті. Ол ұзақ жылдар бойы республикалық және халықаралық айтыстарда топ жарып, ұлттық руханият, тіл мен тарих тақырыбын көтерген ақын ретінде танылды. Сонымен қатар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушы, кейін профессор болып еңбек етіп, қазақ әдебиеті мен айтыс өнеріне арналған ғылыми еңбектер жариялады. 

2022 жылдың наурызында Amanat партиясының партиялық тізімі бойынша VII шақырылым Мәжілісінің депутаты болып сайланып, Парламенттің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына енді. Ал 2023 жылғы кезектен тыс парламенттік сайлаудан кейін VIII шақырылым Мәжілісінің депутаты ретінде жұмысын жалғастырды.

Ринат Зайытов

Айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ринат Зайытов 2023 жылғы 19 наурызда өткен кезектен тыс парламенттік сайлауда Астана қаласындағы №1 бірмандатты сайлау округінен жеңіске жетіп, VIII шақырылым Мәжілісінің депутаты атанды. Бұған дейін ол ұзақ жылдар бойы айтыс сахнасында ұлттық тіл, руханият, тарихи сана мен қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп келген.

Саясатқа келген танымал азаматтар мұнымен шектелмейді. Өнер майталмандарынан бөлек, спортшылар да халық сеніміне ие болып, Парламент қабырғасында қызмет атқарып келеді. Ендеше келесі бөлімде депутат болған спорт саңлақтарына шолу жасаймыз.